Ресейден көш келеді
Ресейден көш келеді
206
оқылды
Ресейге салған санкциялар ресейліктердің түрлі себептермен өзге елдерге көшу үрдісін жеделдеткен тәрізді. Ғаламтордағы ақпаратқа сүйенсек, олар көбіне көп Грузия, Армения, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз елдерін таңдайды екен. Ендеше, ертеңгі күні геосаяси жағдай ушыға түсіп, ресейліктер жаппай көшіп келе бастаса, бұл еліміздегі еңбек нарығы, үй бағасы мен қызмет көрсету бағасына кері әсер етуі мүмкін бе?

Telegram – әлемге ашық терезе

Жалпы бұған дейін Қазақ­станның жыл сайын шетелге тұ­рақты тұруға қоныс аударып ке­тетін «бұрынғы» қазақстандық­тардың саны орташа есеппен 30-35 мың адам болатын болса, оның 80%-дайын ресейліктер құрайтын. Мәселен, былтыр олардың саны 28 мың адамға жеткен. Ал жалпы 2000-2021 жылдар арасында елі­мізден кеткен орыс ұлтының өкіл­дері 584 000 адамды құраған. Енді ақпан айында Ресейде басталған әскери қимылдар мен санкциялық шек­теулердің салдарынан бұл процесс кері жүріп жатқан секілді. Ресейдің интер­неттен ажыра­тылуы, шетелдік әлеуметтік желі­лер­дің бұғатталуы, есеп айырысу­дың қиындығы, әс­кери қимыл­дар­ды қолдамау, оған өздері де шақыр­тылуы мүмкін де­ген қорқыныш сын­ды көптеген себептердің же­тегімен ресейліктер елден кетуде. Кейбір ақпарат көз­дерінде олар­дың­ саны мыңдап са­налады. Ал кет­пегендері ғалам­тор­дағы әлеу­меттік желілерде бел­сенді түрде «барлау» жүргізуде. Мұн­да әлемге ашық қалған жалғыз ғана терезе ресейлік Telegram мес­сенд­жері бо­лып отыр. Қазір әлеу­меттік желіде осы тақырыптағы көптеген чаттар мен топтарды кез­дестіруге болады. Солардың бірі – біздің елімізге арналған ҚАЗАҚСТАН чат-фору­мы. Бүгінде 2 500 адам қызу әңгіме жүргізіп жат­қан бұл әңгіме ала­ңында ре­сей­ден көшіп келгендер құжат рә­сімдеудегі қиыншылық­тарымен бө­лісіп, ақыл сұраса, кел­гісі келе­тін­дері ақша аудару жол­дарын біл­гісі келеді, шека­ра­ның қашан ашы­латынын сұрайды. Айтула­рын­ша, құрлық шекарасы 1 сәуірге дейін жабық екен. Ал жер­гілікті тұрғындардың кейбіреуі әсіре кө­ңілмен тіл үйреніп келуге үндегені болмаса, көмектесуге әзір. «Мен қазір Ресейдемін. Бірақ қалыптасып отырған жағдайға байланысты бойымда қорқыныш пен мазасыздық бар. Өзімді бейне бір торда қамалғандай сезініп жүрмін. Мұнда бәрінің де бастан кешіп жатқан сезімдері осындай. Өзім суретші-фрилансермін, шетелдік клиенттермен жұмыс істеймін, сондықтан шектеулер маған ауыр тиіп тұр. Сондықтан да Қазақстанға кетіп қалғым келеді. Қазақстанда бұған дейін сан рет болғанмын. Павлодарда туыста­рым бар. Олар өмір бойы сонда тұ­рады. Менің салам интернет бол­ғандықтан, шетелдегі клиент­теріммен бәрібір байланысқа шы­ғуым керек. Ал төлқұжатым Ресей­дікі болғандықтан, онымен интер­нетте еш қай жерде тіркеле алмай­сың, саған ешкім ақша төлей ал­майды. Сондықтан да туыстарыма салмақ салатын болармын. Қалай болғанда да Қазақстанда туыста­рым бары мен үшін өте жақсы бо­лып тұр. Кетіп қала аламын, кө­мек сұрай аламын. Әйтпесе, енді болмағанда ақшасыз және жұмыс­сыз қалатын түрім бар», – дейді Александра фамилиясын да, тұр­ған өңірін де атаудан бас тартып. Чаттағылардың арасында Қа­зақстанға көшіп келгендері де бар. Бүгінде Алматы қаласына келге­ніне бір апта ғана болған Сергей мен Жанна Дрофеевтер (есімдері өзгертіліп алынды) отбасы кішкене қызымен таныстарының үйінде тұрып жатқанын айтады. Пәтер жалдауға ыңғайлы үй таба алмай, қаланың сыртындағы Мұхамеджан Түймебаев ауылынан қатынап жүр екен. Бір жағы жұмыс іздестіруде.

Нарық тарлық етпей ме?

Ғаламтордағы ақпарат көзде­рінен, ресейліктердің көп ретте Кавказ елдерін таңдайтынын кө­руге болады. Мәселен, наурыз айы­­ның алғашқы аптасында Гру­зияға 26 мыңға жуық ресейлік ке­ліпті. Әйтсе де, грузиндер орыс­тар­ға оң қабақ танытып отырған жоқ. Ал Арменияда керісінше, мұн­да жұмысқа тұрған шетелдікке елде тұруға ықтиярхат беріледі. Сон­дықтан да соңғы айда ресей­лік­тер қатты көбейіп кеткен. Со­ған сәй­кес, үй жалдау, такси және көпшілік тұтынатын бірқатар азық-түліктер мен тауарлар қым­баттай бастаған. Ал еліміздегі мамандар бұл мәсе­ленің екі жағы бар деп отыр. «Бұл біріншіден экономикалық жағынан жақсы. Өйткені ол жақ­тан кетуге мәжбүр болған компа­ния­лар бізге көшіп келсе, салық төлейді, жұмыс орындарын ашады. Ал екіншіден бұл ұлттық қауіп­сіз­дік жағынан күрделі болуы мүмкін. Себебі олар өздерінің мамандарын ала келсе, бұл жергілікті еңбек на­рығына әсер етеді. Өзге елдермен салыстырғанда бізде олардың еңбек күшіне квота қойылмайды. Бұл жұмыссыздық мәселесіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Сон­дықтан да мемлекеттік органдар осы тұрғыда түрлі шектеулер мен квоталар ойлап тауып, алдын алғаны жөн», – дейді әлеуметтану­шы Айдар Хамит. Пәтер жалдау бағасында ма­ман­дар тікелей байланыс көріп отырмағанын айтады. «Қазақстанға келер болсақ, бұл миграция да тұрғын үй нарығына әсер ете қоймайды. Ондай болжам жоқ. Себебі біріншіден оқу мер­зімінің аяқталу кезеңі жақындап келеді. Естеріңізде болса, былтыр қыркүйек айында пәтер жалдау бағасы қатты өскен болатын. Қазір көптеген студенттер өздерінің ауылдарына қайтады, сәйкесінше пәтерлер босай бастайды. Осы кезеңде бағаны көтеру қисынға келмейді», – дейді экономист Асыл­бек Күздеубаев. «Иә, қазірден бастап пәтер қым­­баттап жатқанын байқап отыр­­мыз. Бірақ мұның бәрі ин­фля­ция­ның салдарынан деп білемін. Әри­не, шетелден көшіп келушілер мұн­да аз да болса үлесін қосуы мүм­кін. Бірақ негізгі рөлді ойна­май­ды. Ке­рісінше, жазда пәтер бағасы арзан­дайды деп күтілуде», – дейді әлеу­меттанушы Нұрболат Айекешов. Дегенмен азды-көпті ресейлік­тер елдерінен қашып жатқанымен, ол әлі жаппай сипат ала қойған жоқ, сондықтан да біздің нарыққа әсер етерліктей сындарлы межеге жетпеді. Сонымен қатар Ресейде жалақы жоғары екенін ескерсек, Қазақстандағы аз айлыққа келе қоюы да екіталай.