Соңғы ғасырдағы ең күрделі әлеуметтік мәселенің бірі – әйел теңдігі десек, қателесе қоймаймыз. Әлемнің әр қиырында бұрымдылар мен бөріктілердің құқығын теңестіруді талап ететіндер көп. Елімізде де бұл мәселе ара-тұра көтеріліп тұрады. Соңғы екі жұма ішінде елорда мен Алматыда қыз-келіншектер бас көтерді. Алайда бұған дейін біз көріп жүрген әлеуметтік мәселе көтеретіндердің бұл жолғы ұраны басқа. Әдетте, жәрдемақы, жөргекпұлды даулайтын әйелдердің ендігі қалауы – биліктің мінбері.
ҚҰҚЫҒЫН ТАПТАЙТЫН ҚОҒАМ БА?
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегінше, Қазақстанда 9,8 миллион әйел және 9,3 миллион ер адам бар. Сенатта 9 депутат, Мәжілісте 28 депутат, Үкіметте 1 министр, 1 облыс әкімі бар. Астанада 3 мыңға жуық көшенің тек 39-ы әйелдердің құрметіне қойылған, бұл – 2 пайызға жетер-жетпес көрсеткіш. Елордадағы 72 ескерткіштің тек үшеуі ғана ресми түрде тарихтағы белді әйел адамдардың атымен аталады. Әйелдердің төл мерекесінде Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдында мыңнан аса адам осындай статистиканы алға тартып, гендерлік теңдікті талап етті. Бейбіт митингке шыққандар әйелдердің зейнет жасын төмендетіп, 58 жасқа түсіруді, әйелдерге зорлық-зомбылық жасауды тоқтатуды, әйелдерді мемлекет басқару ісіне араластыруды сұрады. Мақсат орындалды, қоғамның назары ауды. Көп уақыт өтпей 12 наурызда әйел теңдігін талап етіп, астаналықтар да бас көтерді. 200 адам жиналып, елімізде әйелдер құқығы қажетті дәрежеде қорғалмайтыны, тұрмыстық зорлық-зомбылық көп екені, жалғызбасты аналардың мемлекет қамқорына зәру екенін даулады. Бұл – ел астанасында биліктің мақұлдауымен өткен алғашқы феминистік жиын. Расымен, біздің елде әйелдер құқығы қорғалмай ма? БҰҰ мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда шамамен 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болады. Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 67 әйел қаза тапқан. Заң бойынша ер мен әйелдің құқы тең. Бірақ әйелдерді «нәзік жандылар» деп айтудан басталатын заңбұзушылықтардың тізбегі көп деп отыр мамандар. «Бірінші, елімізде әйелдер еркектермен бірдей жұмыс істесе де, жалақысы төмен. Бұл жерде әйелдердің экономикалық құқығы бұзылғанын көрсетеді. Әлемде гендерлік теңдік орнатқан бірде-бір мемлекет жоқ. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2021 жылғы есебіне сәйкес, гендерлік алшақтық бойынша (gender gap) Қазақстан 156 елдің ішінде 80-орынға ие болған. Бұл осыған дейінгі көрсеткіштен сегіз сатыға төмен. Қазақстанда әйел адамдардың табысы ерлерге қарағанда орта есеппен 25 пайызға төмен болса, кей салада айырмашылық 37 пайызға дейін жетеді», – дейді гендерлік экономиканы зерттеуші, SDU оқытушысы Әйгерім Құсайынқызы. Әйелдердің құқығы қай салаларда бұзылады? Мәселен, медицинада қызметкерлердің 75 пайызы әйелдер болса да, басқару саласындағылардың үлесі 25 пайызды ғана құрайды. Білім саласында да әйелдердің үлесі 75 пайыз болса, ректор әйелдердің үлесі 30 пайызға да жетпейді. Заң бойынша sexual harassment-ке шектеу бар. Бірақ жұмыс орындарда әйелдерге қатысты харассментке ұшырағандар жетерлік. Бірақ елімізде мұны айтуға қыздардың өзі ұялады, харассментті құқықбұзушылық емес, мақтау деп қабылдайтын еркектер бар кезде әйелдер құқығының теңдігіне жету елімізде қиын екенін Әйгерім Құсайынқызы да мойындап отыр. «Алматы мен астанадағы митингке тоқталсам, ұйымдастырушылардың бірімін. Әйелдер халықтың 50 пайызынан астамын құраса да, саясаттағы үлесі мардымсыз. 2019 жылғы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін азаматтың жазасын құқықбұзушылық туралы кодекске ауыстыруының өзі әйелін ұруды қылмыс емес деп көрсетеді. Себебі әйеліне қол көтерсе, біріншісінде ескерту алады. Екінші рет қол көтерсе, айыппұл төлеп құтылады. Бұрынғыдай қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Сондықтан елімізде күйеуінің қолынан қаза табатындар көп», – дейді гендерлік экономиканы зерттеуші маман. Қош, тарихқа үңілсек, әйел теңдігін талап еткен алғашқы белсенділер сайлау кезінде дауыс беру үшін күрескен. Бұл құқықты алғаш болып Жаңа Зеландия әйелдері 1893 жылы алған. Ресейде әйелдер Қазан төңкерісінен кейін, Еуропада Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана дауыс беру құқығына ие болды. Кейіннен еңбек құқығы, ақысыз үй шаруасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық сияқты көптеген мәселені көтерді. Бірақ әлемде әйелдер дауыс бере алмайтын бір ел әлі бар. Ол – Ватикан. Рим папасына кардиналдар ғана дауыс бере алады. Яғни, шеруге шыққан әйелдердің алғашқы талабы толыққанды орындалды деп айта аламыз. Өткен ғасырдағы әйелдердің қалған екі талабы өркениетті елдерде орындалғанымен, әлемнің 34 пайыз елінде әлі күнге дейін гендерлік теңдік туралы заң қабылданбаған. Әлем елдерінің 34 пайызында гендерлік теңдікті қалыпқа түсіретін заңның мүлде жоқтығын көрсетті. Ал әйелдер мен ерлердің тең құқықтылығын көздейтін заңы бар елдердің үлес салмағы 43 пайызды құраса, бұл көрсеткіштегі елдерде заңдылық сақталмаса да, ешқандай қарсы шара қолданылмайтын көрінеді. Қалған 23 пайыз елде арнайы заң да, заңды орындамағандар үшін қолданылатын санкциялар да бар. Қазақстан соңғы топқа енеді.БИЛІККЕ КЕЛМЕ ДЕГЕН КІМ?
Еліміздегі әйелдер 1917 жылдан бастап дауыс беру құқығына ие болды. Жұмыс уақыты мен демалыс алу құқығы да заңмен реттеліп отырады. Заң тұрғысынан қарағанда, Конституциямыз халықты ер-әйел деп бөле-жарып қарауға, кемсітуге тыйым салады. Сондай-ақ соңғы жылдарда қоғамдағы әйелдердің рөлі мен теңсіздік мәселесін реттеу мақсатында бірқатар заң жобасы қабылданған. Атап айтсақ, 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік тұжырымдамасы мен 2009 жылы қабылданған «Тең құқықтардың мемлекеттік кепілдіктері және ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктер» заңы бар. Сондай-ақ 2016 жылы қабылданып, қолданысқа енген Қазақстандағы отбасы және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын да ерекше атауға болады. Аталған заңдар мен тұжырымдамалар әйел адамның қоғамдағы рөлін айқындауды мақсат етеді. Алайда соңғы 5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтірудің деректері 2 есе өсті. Ал орташа зақым келтіру 6 есе артқан. Яғни, бізде әйелінің қолын, аяғын сындыру қалыпты деген сөз. Оның ішінде – отбасылық жанжалдан бастап, әйелдеріне ерінің тарапынан қысым көрсетіліп, тіпті бала-шағасымен қоса өртеп жіберген жағдайлар да болғаны көпшілікке аян. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың болуына көп жағдайда үйдегі ер азаматтың ішімдікке тәуелді болуы, маскүнемдік дәрежеге жетуі негізгі фактордың бірі болады. Салдарынан шаңырақ шайқалады, еш кінәсіз балалар зардап шегеді. Қоғамымызда әйелді қорлайтын еркектер бар кезде әйелдердің талабын айтып, қоғамға үнін естіртуді қаралау да орынсыз. Иә, жәбір көрген әйелдер қандай заң барын, өз құқықтарын қалай қорғау керегін білмегендіктен, көп жағдайда қылмыс жылы жабылып қалатыны бар. Мұны тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы құрылған «Не молчи» ұйымының негізін қалаушы Дина Таңсәрі де мойындап отыр. «Құқығы тапталған ана мен зорлық көрген балаға құқық қорғау органдары толыққанды көмек көрсетпейді. Өйткені зорлық-зомбылық істерінің көбі «айғақ, дәлел толықсыз» деп жабылып қалады екен. Тағы бір ақпарат, еліміздегі зорлық статистикасы жыл сайын артып келеді. Нәтижесінде, Қазақстан ТМД елдері арасында зорлау фактісі бойынша бірінші орынға шыққан», – дейді Дина Таңсәрі. Сонымен, мақсатымыз шеруге шыққан әйелдерді жақтау, болмаса даттау емес. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық статистикасы жыл өткен сайын өскен тұста әйел құқығын қорғау да маңызды мәселе. Ал билікке келгісі келсе, өз еркі. Скандинавия елдерінде Парламент депутаттарының 50 пайызы әйел, 50 пайызы ер адам болуы міндетті деген сияқты арнайы заңдар қабылданған. Бұл – жасанды пропорция. Өйткені сол қызметтегі адамдардың кәсіби біліктілігі дәл сондай деңгейде болса, оның жынысы маңызды емес. Адамдардың жынысына, тіліне, ұлтына қарап, пайыз арқылы теңестіру де орынсыз. Парламентте әйелдердің үлесі неге аз, облыс әкімдерінің арасында неге бір ғана әйел десе де, заң бойынша ешқандай шектеу жоқ. 1 әкімнің, министрдің барының өзі қабілеті сай келсе, жол ашық екенін дәлелдейді. Қорыта келгенде, теңдік дегенде әуелі әйел адамның қоғамдағы және үйдегі орны ойға келеді. Бірақ қоғамда ер адамдардың да құқығы тапталатыны шындық. Балаға жастайынан «Сен жігітсің, сондықтан жыламауың керек!» деген сияқты эмоционалдық қысымнан бөлек, әлеуметтік және заңнамалық тұрғыда да ер адамға қатысты талаптар қалыптасып кеткен. Декрет демалысын алған еркекті ез деп есептеп, қабылдай алмайтын қоғам бар бізде.