Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында елімізде азық-түлік бағасы алдағы уақытта қандай болатынын айтты.
"Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды. Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін", - деді ол.Президенттің айтуынша, осыған орай, егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылады.
"Бірақ, көптеген шаруалар егіске әлі дайын емес. Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауға алуға тиіс. Шаруалардың қажетті жанар-жағармайды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн. Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жем-шөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық. Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек. Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын-алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет", – деп жалғастырды сөзін Тоқаев.Мемлекет басшысы алмағайып өзгерістер жағдайында мемлекеттік аппарат ахуалға тез бейімделіп, барынша үйлесімді әрекет етуге тиіс екенін атап айтты.
"Шешімді жайбасарлықпен қабылдауға, шенеуніктік формализмге жол берілмейді. Қазір толықтай жұмылуымыз қажет", – деді Президент.