Семейліктер Абай облысын құру туралы жаңалықты қалай қабылдады?
Семейліктер Абай облысын құру туралы жаңалықты қалай қабылдады?
578
оқылды
Айтмұхамбет Бейсембеков, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері: – Семей облысын қайта қалпына келтіру жөнінде бұрынғы Президентке қаншама мәрте хат жазған адамның бірімін. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтып өткендей, соңғы жылдары Семейдің тозып кеткені рас. Қаладағы банктің бәрі филиал болып қалды. Бір банк өз бетімен жұмыс істей алмай қалды. Бәрі көшіп кетті. Семей облыс болғанда 420 мың халық болған. Сол халық 270 мыңға дейін азайып, қазір 320 мыңға жетті. Енді Семей көркейеді, Семейдің шеттегі азаматтары келеді. Облысты кім басқарады? Шеттегі, басқа облысқа көшіп кеткен кадрлар келмесе. Семей көркеюге тиіс. Өйткені, Семей – ежелден мәдениет пен өнердің ошағы. Тұңғыш баспа, тұңғыш телефон, тұңғыш театр осында болған. Қазір Семейдің мәртебесі Аягөзден де төмен. Ауданның да орталығы емес. Қазіргі Семей ең қараңғы, ең лас қала. Инфрақұрылым жоқ. Совет одағы кезінде салынған ескі ғимараттар. Жаңа ештеңе салынған жоқ. Тек бір ғана Қарағайлы ауданы болмаса. Төрт университет жабылып, бір университет болды. 16 колледж болған, жартысы жабылып қалды. Семей атам заманнан Қазақстандағы білімнің ордасы болды. Мұхтар Әуезов, Қаныш, Марғұлан, бәрі осында оқыған. Семейдің жеңіл өнеркәсібі Кеңес Одағына мәлім болды. «Болшевичка» фабрикасы, жүн зауыты, тері зауыты шетелдерге өнім шығаратын. Семейдің ет комбинаты Кеңес одағын етпен қамтамасыз етті. Абай облысы құрылса ауыл шаруашылығы қайта гүлденуі керек. Бір ғана Абай ауданында миллионнан артық қой болған. Семейдің мүмкіндігі – ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп. Осы екі салаға мән берілсе, бұрынғы жабылған фабрикалар, зауыттар қайта қалпына келтірілсе, Семей көтеріліп кетеді.   Марат Құрманбай, «Ақшың» корпорациясының президенті, кәсіпкер: – Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылар туған өлкенің, алаштың астанасы болған Семейдің өз алдына Абай облысы болып құрылатыны туралы Президенттің айтқан сөзін қуана қабылдадық. Семей 1997 жылы Шығыс Қазақстанның құрамына кіргеннен кейін облыстың дамуына өз үлесін қосты. Енді жеке облыс ретінде экономикасын қайта көтеріп, әлеуметтік жағдайын түзеуге, Семей полигонының зардаптарын жоюға мүмкіндік туады деп ойлаймыз. Полигон аймағындағы жабылып қалған Абыралы ауданы, шекаралық аймақтағы Мақаншы, Таскескен, Ақсуат аудандары қайта ашылса дейміз. Семей мал, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсібі дамыған облыс болған. Соны қайта жандандыруға Үкіметтен көмек болады деп сенеміз. Жаңадан ашылатын Абай облысында экономикалық аймақ құрылса. Семей - сауда-саттыққа да қолайлы өңір. Осындай мүмкіндіктерді орнымен пайдалана білсек, облысымыз аяғынан қаз тұрып кететіні анық. Тағы бір тілегіміз, Абай облысын басқаруға Президенттің өзі секілді елін, жерін сүйетін азамат келсе дейміз.   Асан Омаров, семейтанушы: – Абай облысының құрылуы пісуі жеткен мәселе. Президенттің өзі айтқандай, бұрын саяси ахуалға байланысты, мәжбүрленген дүние болды. Қазір заман басқа, ахуал басқа. «Ерте ме, кеш пе, Семей облыс болады» деп ойлаушы едік. «Ештен кеш жақсы». Он-он бес жыл бұрын болғанда көп дүние сақталушы еді. Халық жүдеңкіреп қалды. Сонда да үміт бар. Киелі жер қайтадан түлейді, қайтадан көтеріледі. Себебі, Семейдің тарихы тереңде. Абай, Шәкәрім, Мұхтар рухы көтереді.   Бауыржан Ердембеков, Семейдегі Шәкәрім университетінің ректоры: – Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Семей өзінің егемендігін алған күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың 175 жылдығында «Абайдың рухын көтеруіміз керек» деген болатын. Абай рухының көтерілуі Абай облысының облыс болуы, жеке бөлінуі. «Семей кезінде Шығыс Қазақстанға неге қосылды? Бұл қателік пе?» деген сауалдар көпшілік көкейінде жүреді. Бұл – қателік емес. Бұл – уақыттың тезі. Солай болуы керек болды. Шекараны қазақтандыру керек болды. Семей өз миссиясын атқарды. Енді Абай облысы құрылған соң жергілікті азаматтар үлкен жұмыс атқаруы керек.