Қазақстанда 25 жыл бойы мемлекетаралық іздеуде жүрген Ресей азаматы ұсталды. Бұл туралы Көліктегі полиция басқармасының бастығы Оңал Бекиев мәлімдеді.
"10 наурызда Сәтбаев қаласында департаменттің Криминалдық полиция басқармасы мен "Қарағанды-Сортировочная" станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері 56 жастағы Ресей Федерациясының азаматын ұстады. Ол аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген және 25 жыл бойы тергеуден жасырынып келген", - деді Бекиев.Ұсталған азамат Челябі облысы бойынша Ресей Ішкі істер министрлігінің іздеуінде жүргені анықталды. 1997 жылдан бері ол Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасады деген күдікпен ("Адам өлтіру") мемлекетаралық іздеуде болған. Оған қатысты экстрадиция мәселесі шешіліп жатыр.