– Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанның алғашқы қадамын жаңа конституциялық реформадан бастап жатқаны қуантады. Жолдаудың нәтижесі бойынша шамамен 30 шақты өзгеріс пен толықтыру қолданыстағы Ата Заңға енгізіледі. Анығында, мемлекеттік басқару моделі өзгеріске ұшырайды. Бұрынғы суперпрезиденттік басқару моделінен Президенттік басқаруға ауыстыру көзделіп отыр. Мемлекет басшысы өзінің кейбір өкілеттіктерін азайтып, Парламент өкілеттігін арттыруға ерекше назар аударды. Маған ұнағаны – Президенттің туысқандары мен жанұя мүшелері мемлекеттік қызметті атқаруға тыйым салды. Екіншісі, Президент басқарушы партияны басқармайды. Демек, бейтараптық мәртебені ұстанатын болады. Бұрын заңдар Мәжілісте, сосын Сенатта қаралатын. Енді ондай үдеріс болмайды. Заңды тек Мәжіліс қана қабылдайтын болады. Төменгі палата қабылдайды, ал Сенат мақұлдайтынын не мақұлдамайтынын ғана айтады. Мақұлдамаған күннің өзінде Мәжілістің көпшілігі тағы да дауыс берсе, заң қабылданады. Конституциялық кеңесті реформалау мәселесі бүгінгі күні өзекті. Енді ол Конституциялық сот болады. Бұл жолғы Жолдаудың ерекшелігі сонда, сот реформасына өзгеріс енеді. Осы органға кез келген азамат шағымын білдіре алатын құқық беріледі. Қазір облыс пен қалалардың әкімдерін Президенттің ұсынымы бойынша мәслихат бекітеді. Жолдауда Президент енді бір ғана кандидатура емес, кем дегенде екі кандидат ұсыну қажет екенін айтты. Тағы бір өзекті өзгеріс – Мәжілістің құрамы мен сайлау мәселесі. Алдағы уақытта Мәжіліс депутаттығына 70 пайыз партиялық тізіммен, 30 пайыз мажоритарлық, яғни әр облыстан жеке тұлғалар өздерін ұсынып жеке тізімге кіре алады.
Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ, экономист