Қоғамның көптен күткені еді
Қоғамның көптен күткені еді
168
оқылды
– Меніңше, бүгінгі Жолдау – іс жүзіндегі Жаңа Қазақстанның басталуы. Себебі бұл Жолдауды қазақстандықтар асыға күтті. Мемлекет басшысы қаңтар оқиға­сы­нан кейін көптеген  жаңа бастамаларды айтты. Көп өзгерістердің шеті шықты. Бі­рақ олар­дың нақты қалай іске асатыны, қан­дай формада болатыны белгісіздеу еді. Сондықтан Жаңа Қазақстан осы Жолдау­дан басталады деп ойлаймын. Қаңтар оқиға­сын­дағы қайғылы оқиғалардың ең үлкен сабағы –Қазақстандағы қоғам мен мемлекет, қоғам мен билік арасындағы дәнекерлікті, биліктің  қоғамды есту мүмкіндігін күшейту, одан кейін биліктің асыра бір қолда шоғыр­лануын шектеу бағытындағы өзгерістер. Осы жағынан алғанда Прези­дент Қазақстандағы суперпрезиденттік басқару жүйесінің аяқталу керектігін айтты. Бұл – өте үлкен өзгеріс, жаңа белес. Соның ішін­де нақтылайтын болсақ, бұдан былай Мемлекет басшысының отбасы мүшелері ешқандай жауапты жоғарғы мемлекеттік лауазымдарға және мемлекетке жақын компанияларда, квазимемлекет­тік сектордағы компанияларда ешқандай қызметке тағайындалмайтыны заң жүзінде реттеледі. Бұл көпшіліктің күткені еді. Президент ешқандай саяси партияларға мүше әрі  басшы болмай­тыны да маңызды. Бұл да саяси жүйемізді ілгері сүйрейтін жақсы өзгерістердің бірі. Мемлекет басшысы облыс әкімдерін тағайындаған кез­де міндетті түрде баламалы түрде бір ғана ұсыныспен емес, облыс­тық мәслихатқа кемінде екі ұсыныспен шығып, мүмкін  мәслихаттың сайлауымен облыс әкімдері тағайындалатын болады. Қоғамның, әсіресе аймақ деңгейінде шешім қабылдау процесіне билікке тікелей ықпалын күшейтетін маңызды тетікті көрсетіп берді. Әкімдер саяси партияларға басшы бола алмайды. Олардың орын­басарлары да оған араласа алмайды. Алдағы уақытта цифрлы дауыс беру тетіктері іске қосылатын болады. Одан бөлек, сайлау­шы­лардың элек­трон­ды базасы құрастырылады. Осының барлығы біздің саяси жүйе­ні қазіргі дүниежүзінде бар ілгері талаптарға, қоғам мен билік ара­сын­дағы байланысты күшейтетін стандарттарға келуіне тең жол ашып отыр. Тағы бір тиімді дүние – БАҚ туралы жаңа заң қабылданады. Ол заң­ның негізгі мақсаты – журналистер әлдебір саяси және эко­номи­калық тар­тыстың, не бір ойынның құралы болып кетпеуі керек. Әрі сырттан келе­тін тапсырыстарды орындайтын бір қолшоқпарға айнал­мауы тиіс деген мақсат қойылды. Оның қалай іске асатынын мұ­қият ойланып,  тетіктерін қарау керек. Бұл да қоғамға қажет әрі аса өзекті. Ұлттық сенім кеңесінің эволюциялық жаңа кезеңі туындады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтайға айналмақшы. Он­дағы негізгі ой – бұл кеңесте аймақтың өкілдері көбірек қатысуы тиіс. Сол кеңестің мүшесі ретінде билік пен халық арасындағы дәнекерлік рөлін айтарлықтай тиімді атқара алды. Өйткені халықтың айтқан көп талап-тілектері кеңеске мүше мамандардың ұсыныстары арқылы тікелей Президентке жетті. Ендігі жерде осы тетікті дамыту мақсатында Ұлттық құрылтай құрылып жатыр. Мұның бәрі Қазақстанның дамуына серпін беретін, ертеңгі күніне сенім ұялататын маңызды шешім.

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі