– Меніңше, бүгінгі Жолдау – іс жүзіндегі Жаңа Қазақстанның басталуы. Себебі бұл Жолдауды қазақстандықтар асыға күтті. Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасынан кейін көптеген жаңа бастамаларды айтты. Көп өзгерістердің шеті шықты. Бірақ олардың нақты қалай іске асатыны, қандай формада болатыны белгісіздеу еді. Сондықтан Жаңа Қазақстан осы Жолдаудан басталады деп ойлаймын. Қаңтар оқиғасындағы қайғылы оқиғалардың ең үлкен сабағы –Қазақстандағы қоғам мен мемлекет, қоғам мен билік арасындағы дәнекерлікті, биліктің қоғамды есту мүмкіндігін күшейту, одан кейін биліктің асыра бір қолда шоғырлануын шектеу бағытындағы өзгерістер. Осы жағынан алғанда Президент Қазақстандағы суперпрезиденттік басқару жүйесінің аяқталу керектігін айтты. Бұл – өте үлкен өзгеріс, жаңа белес. Соның ішінде нақтылайтын болсақ, бұдан былай Мемлекет басшысының отбасы мүшелері ешқандай жауапты жоғарғы мемлекеттік лауазымдарға және мемлекетке жақын компанияларда, квазимемлекеттік сектордағы компанияларда ешқандай қызметке тағайындалмайтыны заң жүзінде реттеледі. Бұл көпшіліктің күткені еді. Президент ешқандай саяси партияларға мүше әрі басшы болмайтыны да маңызды. Бұл да саяси жүйемізді ілгері сүйрейтін жақсы өзгерістердің бірі. Мемлекет басшысы облыс әкімдерін тағайындаған кезде міндетті түрде баламалы түрде бір ғана ұсыныспен емес, облыстық мәслихатқа кемінде екі ұсыныспен шығып, мүмкін мәслихаттың сайлауымен облыс әкімдері тағайындалатын болады. Қоғамның, әсіресе аймақ деңгейінде шешім қабылдау процесіне билікке тікелей ықпалын күшейтетін маңызды тетікті көрсетіп берді. Әкімдер саяси партияларға басшы бола алмайды. Олардың орынбасарлары да оған араласа алмайды. Алдағы уақытта цифрлы дауыс беру тетіктері іске қосылатын болады. Одан бөлек, сайлаушылардың электронды базасы құрастырылады. Осының барлығы біздің саяси жүйені қазіргі дүниежүзінде бар ілгері талаптарға, қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтетін стандарттарға келуіне тең жол ашып отыр. Тағы бір тиімді дүние – БАҚ туралы жаңа заң қабылданады. Ол заңның негізгі мақсаты – журналистер әлдебір саяси және экономикалық тартыстың, не бір ойынның құралы болып кетпеуі керек. Әрі сырттан келетін тапсырыстарды орындайтын бір қолшоқпарға айналмауы тиіс деген мақсат қойылды. Оның қалай іске асатынын мұқият ойланып, тетіктерін қарау керек. Бұл да қоғамға қажет әрі аса өзекті. Ұлттық сенім кеңесінің эволюциялық жаңа кезеңі туындады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтайға айналмақшы. Ондағы негізгі ой – бұл кеңесте аймақтың өкілдері көбірек қатысуы тиіс. Сол кеңестің мүшесі ретінде билік пен халық арасындағы дәнекерлік рөлін айтарлықтай тиімді атқара алды. Өйткені халықтың айтқан көп талап-тілектері кеңеске мүше мамандардың ұсыныстары арқылы тікелей Президентке жетті. Ендігі жерде осы тетікті дамыту мақсатында Ұлттық құрылтай құрылып жатыр. Мұның бәрі Қазақстанның дамуына серпін беретін, ертеңгі күніне сенім ұялататын маңызды шешім.
Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі