Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Бұл жолғы жиында мәлім етілген ресми құжат елімізде жаңа даму кезеңі басталғанын білдіретін тарихи межелі мәнге ие еді. Онда Мемлекет басшысы таяуда қабылдануы тиіс саяси реформалар пакетін жариялап, ел тарихындағы ауқымды өзгерістер мен институционалды бастамаларды ұсынды. Қаңтар оқиғасынан кейін қоғам елде түбегейлі өзгерістерді күткені жасырын емес. Сондықтан да 16 наурызда Жолдау жарияланады деген соң, елдің үміті орасан зор болды. Қатардағы азаматтар тек қана жыл сайын болатын әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардан бөлек, іргелі саяси реформаларды күтті. Үміт ақталғандай. Қос палата депутаттарымен қатар ресми тұлғалар, Үкімет мүшелері, сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері де қатысқан жиыннан жаңа бастамалар мен тың серпілістің лебі есті. Ендеше, қаңтар оқиғасының бағасы беріліп, түйіні шешілген Жолдаудан түйгеніміз: «Жаңа Қазақстанның жаңару мен жаңғыру жолы» басталды деуге болады!
Қаңтар құрбандарының жақындарына көңіл айтты
Мемлекет басшысы өз Жолдауын қаңтар оқиғасына баға беруден бастады. Таяуда Парламент қабырғасында құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы толық есеп берген арнайы тыңдауды жоғары бағалаған Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмағанын атап өтті. Бұл қаңтар оқиғасына әділ баға беруге ең алдымен биліктің мүдделі екенін білдіреді. «Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақытылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен арнайы мекемеаралық шұғыл тергеу тобы айналысуда. Сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкіл алғашқы күндерден жұмысқа белсене араласты. Құқық қорғаумен айналысатын азаматтар мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері оқшаулау орындарына кедергісіз кіріп, қаңтар оқиғасына қатысушылардың қамаудағы жай-күйімен танысты, олардың шағымдарын қарады. Омбудсмен және беделді заңгерлер жетекшілік ететін тәуелсіз қоғамдық комиссиялар прокуратура органдарымен тығыз жұмыс істеді, пікірлерін ашық айтып, өз ұстанымдарын қорғады. Мемлекет басшысы ел алдына шыққан мүмкіндікті пайдаланып, қоғам белсенділері мен заңгерлерге азаматтық ұстанымы және біліктілігі үшін ризашылығын білдірді. Одан соң қаңтар оқиғасының ащы шындығын жариялады. «Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, елге ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді. Шын мәнінде, бұл мемлекеттілігімізге төнген аса қауіпті сын-қатер болды. Бірақ қастандық жасаушылардың арам пиғылы іске аспады. Мен ең қиын сәтте, қандай жағдай болса да, ақырына дейін халқыммен бірге боламын деп ашық айттым», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы. Расында да, бабаларымыз «Іштен шыққан жау жаман» деп бекер айтпаса керек-ті. Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында жоғары лауазымға ие елімізге белгілі адамдар да болған. Олар мемлекетке сатқындық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар. Олар Күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа да байланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін ойларына келген барлық тәсілді қолданды. «Осы орайда бір мәселеге жеке тоқталғым келеді. Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді. Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқиярлықпен қорғады. Мен сын сағатта қатерге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіремін. Сондай-ақ азаматтарымыз ерікті түрде өз ішінен жасақ құрып, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысты. Жауапты сәтте бірлік пен жанашырлықтың бірегей үлгісін көрсеткен барша азаматқа алғыс айтамын. Кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алады деп уәде беремін», – деді Президент.Суперпрезиденттік үлгіден парламенттік республикаға
Расында да, Президент жария етіп отырған саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Өйткені бұған дейін елімізде суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде, әрине мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ біз бір орында тұрған жоқпыз. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ болуы тиіс. «Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген. Осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы іспетті бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді. Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді. Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді.Сайлау жүйесі реформа қарсаңында тұр
Президент Жолдауындағы реформалық тағы бір өзгеріс – Сайлау жүйесіне қатысты. Осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көшкенімізді мысалға келтірген Мемлекет басшысы 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлауға көшкенімізді атап өтті. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін бергенімен, оның жағымсыз тұстары да байқалды. Өйткені партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. «Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтың құқығы толық ескеріледі. Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сондай-ақ аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сондай-ақ Президент партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктеріне де тоқталып кетті. Енді партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегі 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азаймақ. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1 000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады. Бұл сайлау үдерісін жаңғыртуды да талап етпек. «Көптеген ел дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни, электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн. Байланыс технологиялары қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желідегі белсенділігінің маңызы зор. Бірақ әлеуметтік желідегі үгіт-насихат қолданыстағы заңнама арқылы реттелмеген. Соған қарамастан сайлау науқаны кезінде онда үгіт-насихат жұмыстары бәрібір жүргізіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын. Сондай-ақ байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады. Ал аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек», – деді Президент.Жаңа облыстар – орталықсыздандырумен егіз бастама
Реформалық мәнге ие жаңа бастамалар барысында сайлау жүйесіне, Парламентті жасақтау тәртібіне өзгеріс енгізген кезде еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын да ескеру қажет. Осы тұрғыда еліміздегі соңғы уақыттары жасалып жатқан өзгерістердің сабақтастығы ретінде атап өткен Президент халыққа аумақтық өзгерістер туралы қабылдап отырған қуанышты шешімін жеткізді. Ол Семей аймағында Абай облысын, бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын, Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу облысының құрылуы. Президенттің осы аумақтық мәселені дамыта отыра айтқан тағы бір ұсынысы жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру туралы болды. «Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет. Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді. Сондай-ақ олардың меншік базасын едәуір кеңейту қажет. Олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады. Олай болмаған жағдайда бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе болып шығады», – деді Президент.