Жаңғырудың бастауындағы жаңа құрылымдар
Жаңғырудың бастауындағы жаңа құрылымдар
Президент ұсынған кезекті саяси реформалар елдің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелгелі тұр. Бұл орайда Мемлекет басшысы Жолдауында құқық, қаржы-экономика және қоғамдық бақылау секторларында жаңа институттардың пайда болатынын айтты. Саяси реформалар аясында бірі әлемдік тәжірибеге, енді бірі мемлекеттік басқарудың тарихи негізіне сай түзілген құрылымдарға артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр.

Есеп комитетінен аудиторлық палатаға

Президенттің бүгінгі Жолдауынан кейін де елдегі аудит саласында үлкен өзгеріс болмақ. Жолдаудан туған міндетке сай, Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтеді. «Осы орайда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Бюджетті бақылаудағы құрылымның жұмысына жаңашылдық енгізудің басты шарты оның тиімділігін арттыру екені даусыз. Zertteu Research Institute қоғамдық қорының құрылтайшысы, қаржыгер Шолпан Айтенованың пікірінше, Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп жасақтауда құрылымды мейлінше тәуелсіз етіп, оған қосымша құзыреттер берген жөн. – Әлем елдеріндегі дәл осы функцияны атқаратын мекемелер Жоғары аудиторлық палата деп аталады. Біздегі республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті бүгінге дейін өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарып келеді. Ал оның жұмысын қайта жаңғыртуда комитеттің жергілікті жердегі уәкілетті органы саналатын тексеру комиссияларына тәуелсіздік беру мүмкіндіктерін қарастыру керек. Көп жағдайда облыстардағы тексеру комиссиялары жергілікті әкімдіктің ықпалынан шыға алмай жатады. Бюджет бақылау секторындағы нәтиже үшін олардың тәуелсіз болғаны керек, – дейді қаржыгер.

Конституциялық сот – жоғары құқықтық орган

Президент әділ және құқықтық мемлекет құрып, Ата Заң ережелерін мүлтіксіз сақтау жолында Конституциялық сот құруды да ұсынды. Жаңа құрылым қазіргі қолданыстағы Конституциялық кеңестің қызметін атқарады. Әлем елдерінің тәжірибесінде бұл институт кез келген адамның құқықтық мәселелердегі сауалына заң аясында толыққанды түсінік беруімен ерекшеленеді. Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Конституциялық сот болған. 1992 жылғы 6 маусымдағы «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» заңы негізінде құрылған орган 1995 жылға дейін нормативтік актілердің Конституцияға сай келуін қадағалаумен айналысты. Президент Жолдауында дәл осы институттың жұмысын қайта жолға қою арқылы азаматтардың конституциялық құқығын қорғауды қамтамасыз етуге баса назар аударды. сот және құқық қорғау M.S. Narikbaev atyndag`y KAZGUU Universiteti профессоры, Конституциялық кеңестің мүшесі Унзила Шапақтың айтуынша, Конституциялық кеңес пен сот арасында айырмашылық көп. – Конституциялық кеңес пен Конституциялық Соттың айырмашылықтарына тоқталсақ, біріншіден жүгінетін субъектілерге байланысты болады. Мәселен, бүгінгі Жолдауда Президент Конституциялық Сотқа Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілдің және жеке азаматтардың жүгіну мүмкіндігін қарастыру туралы бастама көтерді. Осылай жүгінетін субьектілердің қатары кеңейді. Сонымен қоса, азаматтардың да жүгінуге мүмкіндік беру мәселесі көтерілді. Екіншіден, конституциялық төрелікті іске асыру ерекшеліктерімен айрықшаланады. Конституциялық сот конституциялық төрелікті іске асыруда жүгіну, алдын ала қарау, тағайындау, процеске дайындау, басты талқылау, шешім шығару сияқты сатыларды қамтиды. Бұл процесс кеңесте қараудан бөлек. Үшіншіден, Конституциялық соттың құрамының қалыптастырылу процедурасы өзгеше болады тағы да сол сияқты ерекшеліктер болады. Бұның барлығы Конституция мен қабылданатын конституциялық заңда регламенттеледі.Конституциялық соттың қызметін ұйымдастыру, жүргізу мәселелері алдағы уақытта қабылданатын «Конституциялық сот туралы» заңның аясында жүзеге асады. Және онда сотқа жүгінетін субъектілерін қараудың әдісі де өзгереді, – дейді Унзила Шапақ.

Кеңес Құрылтай болып қайта құрылды

Бұған дейін саяси реформалардың іске асырылу барысы, тиімділігі және елдегі үлкенді-кішілі мәселелер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында талқыланып келгені есте. Мемлекет басшысы президенттік қызметке кіріскен сәттен азаматтық қоғам өкілдерімен кері байланыс орнатудың алаңы ретінде қарастырған кеңес өзіне жүктелген миссияны шынында табысты атқара алды. Кеңес мүшелері көтерген мәселелер Парламент қабырғасына дейін жетіп, оның кейбірі заң жобаларына енгізілді. Президент өз Жолдауында қоғамдық диалогтің жарқын үлгісін көрсете алған кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыру үшін Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Ұлттық құрылтайдың бір жаңашылдығы оның мүшелігіне республиканың барлық өңіріндегі азаматтық қоғам белсенділерін тарту болмақ. Сонымен бірге қоғамның барлық саласындағы айтары бар азаматтар да құрылтай мүшелігіне өтеді. Өз кезегінде бұл фактор құрылтай отырыстарында елдегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева да Ұлттық құрылтай аясында алуан түрлі қоғамдық пікір бір арнаға тоғысатынына назар аударды. – Елдегі ауқымды саяси реформалар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің нәтижесі деп айтуға болады. Бұл орайда жаңадан құрылатын Ұлттық құрылтайға еліміздің барлық өңірінен белсенді азаматтар мүшелікке тартылды. Олардың қатарында жергілікті Қоғамдық кеңестің, этномәдени бірлестіктердің мүшелері болады. Осы арқылы Ұлттық құрылтай жаңа деңгейге көтеріледі. Қазір құрылтай жұмысына байланысты механизмі жасалып жатыр. Қалай десек те, елдегі саяси реформаларда азаматтық қоғамды назардан тыс қалдыруға болмайды. Сәйкесінше, олардың ел арасындағы өзекті мәселелерді Ұлттық құрылтай сияқты алаңда талқылануына мүмкіндік бергеніміз жөн,– дейді Бану Ғаниқызы. Расында, Жолдау аясында қызметіне жаңадан кірісетін құрылымдардың жұмысынан күтеріміз көп. Бұл орайда аталған институттардың қызметін сапалы жүргізу де саяси реформаларға қарапайым халықтың сенімін нығайта түспек.