Инсульт өмір жалмайды

Инсульт өмір жалмайды

Елімізде жыл сайын 40 мыңнан аса адам инсульт алып, 5 мыңға жуығы алғашқы он күнінде ажал құшады. Қатерлі дерт бүгінде ересектерді ғана емес, балалардың да ғұмырын жалмап барады. Тіпті, жаңа туған сәбилер де аталған сыр­қатқа шалдығып жатыр. Адамды мүгедек ететін жалғыз дерт неге дендеп кетті? Инсульт алғандардың 8 пайызы ғана қалыпты өмірге қайта орала алады, шамамен 20 пайызы өз бетінше жүріп-тұрудан қалады, 60 пайызы мүгедектікке тап болады. Бүгінде Қазақстан инсульттен ТМД елдері бойынша 3-орынға жайғасқан. Алайда бізде ғана емес, әлем бойынша соңғы 30 жылда инсультке шалдығушылар саны 70 пайызға артса, өлім-жітім көрсеткіші екі есе өсіп отыр. Соның ішінде 55 жастан соң инсульт алу қаупі екі есеге жоғарылайтынын айтып, дәрігерлер дабыл қағуда. Басын ашып алайық, инсульттің екі түрі кездеседі. Біріншісі – геморрагиялық, екіншісі – ишемиялық. Геморрагиялық инсульт артерияның жарылуында және миға қан құйылуында пайда болады. Аққан қан жағынан қысым мидың жасушаларын зақымдайды. Геморрагиялық инсульт өте қауіпті, бұл жағдайда ми құрылысы қатты зақымданады. Амал не, мұндай кезде адам сал ауруына шалдығады. Ал ишемиялық инсульт миға оттегіге қаныққан қанды жеткізетін артерияның бітелуінде пайда болады. Бітелу ишемия­лық инсульттің себебі – ұйысқан қан салдарынан болады. Жағдайы нашарлап, қол-аяғы жансыздана бастайды. Дәрігерлердің айтуынша, ишемиялық инсульт алған адам бұрынғы қалыпты өміріне орала алуы мүмкін. Дегенмен бар мәселе зақымданған жерге байланысты екен. Маман медициналық көмек дер кезінде көрсетілсе, толықтай емделіп шығу әбден мүмкін екенін айтады. Яғни, инсульт алған адамға 4 сағат ішінде жедел ем-дом жасалу қажет. Уақыт өтіп кетсе, дәрігерлер дәрменсіз. «Инсульт – бұл адамды мүгедек ететін жалғыз ауру. Дер кезінде көмек беру қажет. Инсульт орталығында 6 реанимация палатасы және 24 оңалту орны бар. Бұл инсульт­пен ауыратын науқас алғашқы 24 сағат ішінде оңалту терапиясын бастауы керек дегенді білдіреді. Оңалту кезінде әркімге әрқалай ем жасау қажет. Логопедтен басталып, олардың жүріп-тұруына көмек беру керек. Ауруға селқос қарамай, жылына бір рет скрининг тексеруден өтіп, дертті ерте сатысынан анықтаған жөн. Елімізде профилактикалық тексеруді тегін өтуге болады», – деді Ұлттық нейрохирургия орталығының директоры Ержан Әділбеков. Инсульттің 70 жастағы қариядан гөрі 45 жастағы адамға зияны көбірек тиеді. Себебі бұл жастағы азаматтың миы қалыпты қан айналымына үйренген. Ауа қысымының ауысуына байланысты көктем және күз айларында ауру ушығады.

ЖАСТАРҒА ДА ЖАРМАСТЫ

Солтүстік Қазақстанда соңғы екі жылда кәмелетке толмаған 4 балаға «инсульт» диагнозы қойылған. Мамандар оның бір себебі – дерттің тұқымқуалаушылығынан болса, тағы бір себебін смартфондармен байланыстырып отыр. Яғни, шектеусіз телефонға телміріп, компьютерді ермек қылған бала бұлшық ет босау ауруына (гиподинамия) душар болып, инсульт ықтималдылығы жоғарылай түседі. Бірақ жастар мен егде жастағы адамдар алатын инсульттің себептері әртүрлі. Ересектер жүрек (аритмия, жүректің ишемия­лық ауруы және тағы басқа) және қан тамырлар жүйесі ауруларына (атеросклероз, артериялық гипертония) шалдығып инсульт алса, жастар қан тамырлары кеңейіп (аневризм) инсульт алады. Қазақстанда инсультті жасанды интеллект көмегімен 10 минут ішінде анықтау мүмкіндігі бар. Пилоттық жобаға 30 емдеу мекемесі қосылған. «Үш жыл бойы бағдарламашылар, сарапшылар, математиктер мен дәрігерлер еңбек етіп, жасанды интеллект жасап шықты. Сол үшін Қазақстан бойынша деректер жинадық. Оның бәрін енгізіп, талдадық. 2021 жылғы 18 қаңтарда пилоттық жобаны Алматыдағы екі инсульттік орталықта іске қостық. Енді, мінде ел көлемінде басқа да емдеу мекемелері оны қолданысқа енгізуде», – дейді Қазақстан Президенті іс басқармасы медициналық орталығының нейрорадиолог дәрігері Меруерт Сайфолла. CEREBRA қосымшасын смартфонға жүктесеңіз, сырқат ауруханаға түскен кезде дәрігерге хабарлама келеді, маман ол жайында толық ақпарат алады. Ауруханаға түскен науқасқа бірден компьютерлік томография жасалады. Оның нәтижесі қосымшаға жүктеледі. Жасанды интеллект оны зерттеп, нәтижесін береді. Ми қан айналымында қандай өзгерістердің барлығын және қай жерде ишемия болатынын көрсетеді. Дәрігерлер ақпаратты қарап, қосымша арқылы науқасқа ем тағайындайды. Мұның барлығы тез жасалады. Бұл инсульттен болатын өлім-жітім және мүгедектік көрсеткішін азайтуға мүмкіндік береді.

БЕЛСЕНДІ ӨМІР СҮРУ БӘСЕҢ

Қош, отандық медицина инсультпен күресуге қауқарлы дедік. Дертті емдеуде көмекке келеді. Ал аурудың алдын алуда себебіне үңілу керек. Дәрігерлер бұған өмір сүру салтының өзгеруі себеп екенін айтады. Белсенді өмір сүру бәсең. Спорт пен дұрыс тамақтану – кез келген ауруға қарсы қару. Сыр берсе де тексерілуге асықпайды. Инсульттен, жалпы науқастың салдарынан мүгедектікке шыққанның ахуалы өте мүшкіл. Егер ем қонбай, еш қарекетсіз қалса – 1-топқа, тілге келіп, өз тамағын өзі жей алатын болса, онда 2-топқа, өзі жүріп-тұрып, өз жағдайын өзі жасайтындай болса, 3-топқа жатқызылады. 1-топтағыларға міндетті түрде аузына су тамызатын күтуші қажет. Алайда инсульт алған кісілердің емделгеннен кейін үйінде артық қимылдаудан қорқып, тек күтушінің көмегімен ғана отырып, тұратыны құптарлық жағдай емес. Бұл дерт сау адамдардан екі есе артық қимылды талап етеді. Бұлай болмағанда нау­қас оңалғанның орнына, екінші рет инсульт алуы әбден мүмкін. Алкоголь, темекі, құрамында кофеин бар энергетикалық сусындарды шамадан тыс ішу де осыған итермелейтінін Денсау­лық сақтау ісінің магистрі, «Орталық клиникалық аурухана» АҚ нейрохирургия орталығының басшысы Мыңжылқы Бердіходжаев та растап отыр. «Диагноз қоятын құралдар, тың технологиялар қолжетімді болған сайын ауру саны да арта береді деп отыр. Балалар ауруханаларына МРТ мен КТ аппараттары қойыла бастады. Бұл дерттің балалар арасында анықталу себебі – осы. Келесі қимылдың азаюынан болады. Қаншалықты қарапайым естілгенімен, фаст-фудқа әуес­тік инсультке итермелейді. Фаст-фуд, газды сусын, тәттілерден бас тарту керек. Өзім басым бөлігінен бас тарттым. Ал алкогольден түбегейлі алшақтау қажет», – дейді М.Бердіхожаев. Қорытындысында, қолды кеш сермегеннен пайда жоқ. Бір айналдырғанды шыр айналдыратын инсульттің алдын алудың жолы денсаулыққа жауапкершілікпен қарау екенін дәрігерлер айтуындай айтты. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салты, зиянды әдеттерден аулақ болу – арты мүгедектікпен аяқталатын бұл дерттен аман сақтап қала алады. Асылында, денсаулық – аманат екені әуелден белгілі десек, ал аманатқа қиянат жасамау әркімнің өз еркінде.