Солтүстікқазақстандықтар қант тапшылығын қолдан жасап, дүрлігіп жатыр. Соңғы күндері Петропавлда қант саудасы 20 есеге артты. Бұған Ресейдің Қазақстанға қант экспортын жарты жылға тоқтатқаны себеп. 2-3 күнге сауда сөрелерінен жойылып кеткен тауар кейбір дүкендерде пайда болды. Алайда ұрымтал сәтті пайдаланып, алыпсатарлар бағаны көтеріп те үлгерді. Бүгінде қанттың бір келісінің бағасы – 450-530 теңге. Тұрақтандыру қорындағы тауардың бағасы бұрынғысынша – 312 теңге. Бірақ бір адамға бір келіден артық сатылмайды. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Гамали Жұмашов тұрақтандыру қорындағы азық-түлік, атап айтқанда қант, көкөніс, жарма, май жеткілікті екенін, қыркүйек айына дейін жететінін айтты. Шенеуніктердің пікірінше, сауда сөрелерінің бос қалғанына тұрғындардың өздері кінәлі. Өйткені бәрін талап алып жатқандықтан, дүкендерге тауар жеткізіліп үлгермей жатқан көрінеді. Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаевтың айтуынша, тұрақтандыру қорындағы тауарлар дүкендерге аптасына 2-3 рет жеткізіледі.
«2021 жылы бағаны тұрақтандыру мақсатында қорды қаржыландыру көлемі 800 миллионнан 1,9 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Осыған орай қымбаттауы мүмкін деген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу көлемі 1,5 есеге арттырылды. 792 тонна (12 вагон) қант сатып алынды. Бұған қоса, ірі көтерме саудамен айналысатын «Козлова» жеке кәсіпкерлігі Тараз қант зауытынан 405 теңгеден 136 тонна, Ресейден 420 теңгеден 66 тонна сатып алды. Ірі сауда желілерінің бір айға қажеттілігі 82 тоннаны құрайды. Бүгінде тұрақтандыру қорында 500 тонна қант бар. Ол әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сауда нүктелеріне, ірі сауда желілеріне, супермаркеттер мен сауда үйлеріне жеткізіп отыр. Сату бағасы – 312 теңге. Соңғы күндердегі дүрлікпені және сұраныс артқанын ескеріп, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-мен тағы 136 тонна қант сатып алуға келісімшарт жасастық. Облыс тұрғандары бір айда шамамен 760 тонна қант тұтынады. Бұрын бөлшек сауда желілерінде күніне 1 тонна қант сатылатын. Соңғы 2-3 күнде 30 тонна жеткізілді», – деді Данияр Исаев.Шенеуніктердің айтуынша, Қазақстан қантсыз қалмайды, өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Тараз комбинаты тәулігіне 850 тонна қант өндіреді. Бұл күніне 12 вагон деген сөз. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 15-і Солтүстік Қазақстан облысында өндіріледі. Қалған төртеуі Қазақстанның өзге өңірлерінде өндірілетіндіктен, сыртқы факторлардың бізге әсері шамалы.
Солтүстік Қазақстан облысы