Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берілді. Президентке биыл 28 500 жұмыс орнын ашу жоспарланып отырғаны баяндалды. Оның 24 мыңы тұрақты жұмыс орны болмақ. Сонымен қатар инженерлік желілерді жаңғырту, көпірлер мен жолдардың құрылысы, тұрмысы төмен азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері туралы айтылды. Қала әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үйлер жағдайын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда кезекте тұрған азаматтарға әлеуметтік пәтерлер салынуда. Бұдан бөлек, биыл 300-ден астам отбасы апатты жағдайдағы тозығы жеткен тұрғын үйлерден көшіріледі. 16 мың үлескердің 13 мыңының мәселесі шешіліп, құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтауға инвесторлардың жеке қаражаты тартылған. Сонымен қатар білім беру орындары, медициналық орталықтар және басқа да әлеуметтік нысандар салынады. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдіктің жұмысын мақұлдап, елорданы дамыту мен абаттандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.