Қазақстанда енді 18, 19 және 20-аймақ нөмірі беріледі, деп хабарлайды Kolesa.kz. Елімізде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылатынын президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі жолдауында мәлімдеді. Абай облысының әкімшілік орталығы — Семей (Шығыс Қазақстан облысынан бөлініп шығады), Ұлытаудың орталығы — Жезқазған (Қарағанды облысынан бөлінеді), Жетісу облысының орталығы Талдықорған болады. Ал Алматы облысы Қапшағайдан басқарылады. Қала жақында Қонаев деп аталуы мүмкін. Мемлекет басшысы бұған қарсы болмайтынын айтты. Демек биыл (жылдың алғашқы жартысында) Қазақстанда жаңа үш өңірдің сандық белгісі бар мемлекеттік нөмір беріле бастайды. Болжам бойынша олар «18», «19» және «20» болуы мүмкін. Жаңа нөмір жаңадан тіркелген машиналарға беріледі. Ал бұған дейін тіркелген көліктер бұрынғысымен жүре береді. Жаңа облыстар нақты қашан құрылатыны 18 наурызда өтетін үкіметтің кезектен тыс отырысында белгілі болуы мүмкін.