– Әрине, бұл жолғы Жолдаудың тағдыршешті мағынаға ие болып отырғаны сөзсіз. Кеше қоғам мен азаматтардың «Жаңа Қазақстанның саяси конфигурациясы қалай құрылады?», «Оның негізі қандай саяси реформалардан тұрады?» деген сипаттағы көптеген сұрағына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толыққанды жауап берді. Бұл тұста мен үшін ең алдымен айтылға тиіс маңызды дүние – сайлау жүйесіне байланысты концептуалды өзгерістер туралы. Бұрынғы «Демократияға бара жатырмыз!», «Азаматтық қоғам құру жолында!» деген сияқты жалпылама ұрандардың орнына енді нақты ұсыныстар айтылды. Парламент пен мәслихаттарды, жалпы сайланбалы органдарын қалыптастыру тәртібі ең алдымен қалай болуы тиіс екенін Президент өзі ашып айтып берді. Ең алдымен, бұл – барлық деңгейдегі сайланбалы органдардың аралас болуы. Яғни, Мәжілісте 30% мажоритарлы, 70% пропорционалды жүйе бекітілмек. Ал облыстық мәслихаттарда және республика деңгейіндегі қалаларда мәслихаттардың жартысы бір мандатты округтерден, жартысы партиялардан сайланатын болады. Аудандық, қалалық мәслихаттар толыққанды мажоритарлық жүйемен сайланбақ. Бұл – өте маңызды реформа! Өйткені өзім сайлау жүйесінде қызмет еткендіктен білетінім, соңғы кезде өзін-өзі ұсыну институты жабылып қалған болатын. Халықтың ішіндегі белсенді, саяси сауатты, халықтың мүддесін қорғайтын азаматтар сайлауға тікелей қатыса алмайтын немесе тек партиялар арқылы сайлана алатын жүйе қалыптасты. Бұл түбегейлі дұрыс емес еді. Белсенді азаматтардың өзінің кандидатурасын кез келген сайлау деңгейінде ұсынып, ашық саяси күреске түсіп, осы мандатты иеленуге мүмкіндігі болуы керек болатын. Енді, міне кешеден бастап осыған толыққанды мүмкіндік беріліп отыр. Бұл жағдай, әрине халыққа жаны ашитын, оны түсінетін, ішінен шыққан нағыз белсенді, білімді, патриот азаматтардың депутаттық мандаттарды иеленуіне жол ашып отыр. Биыл елімізде билік тармақтарына қатысты маңызды реформалар жүреді. Ең бастысы, суперпрезиденттік үлгіден президенттік үлгіге көшу туралы, Президенттің өкілеттігін шектеудің нақты жолдары туралы айтылды. Сонымен қатар Парламентті, мәслихаттарды күшейту, осы арқылы негізгі шешім шығару органдары халық сайлайтын өкілетті билікке айналатынын көрсетіп отыр. Сайлау жүйесінің ашықтығы, сайлау комиссияларының дербестігі соңғы жылдары халық тарапынан қойылып отырған – басты талаптардың бірі. Оған бүгін Президент өте нақты реформалық түсініктер мен ұсыныстар айтты. Сонымен бірге осы уақытқа дейін көп айтылып, баяу ғана жүзеге асырылып келе жатқан мәселенің бірі – жергілікті өзін-өзі басқару институттарын қалыптастыру және дамыту, оған нақты өкілеттіліктер беру. Ендеше алдағы өзгерістер мен аталған реформалар маңызды қадам болмақ. Бірақ оны бізге сырттан келіп ешкім жасап бермесі анық. Бұл реформаларды Қазақстанның әрбір азаматы бір кісідей атсалысып, жүзеге асыруы керек. Бұл – біздің әрқайсысымыздың жеке-дара жауапкершілігіміз.
Ләззат СҮЛЕЙМЕН, Сенат депутаты