Жерлестеріме қолдан келгенше қол ұшын созып жатырмын
Жерлестеріме қолдан келгенше қол ұшын созып жатырмын
Шығыс Қазақстан облыс­тық мәсли­хатының депутаты Айнаш Әменова – 2010 жыл­дан бері AMANAT партиясы­ның мүшесі. 2008 жылдан бас­тап ау­дан­дық ішкі істер бөлі­мінде аудар­машы, мем­ле­кеттік тілді оқытатын мұ­ғалім болып жұмыс істеген ол 2010 жыл­дан бері Тілдерді оқыту орталығын­да еңбек етіп келеді. 2018 жылдан осы ор­талықтың директоры. «Партия мү­шесі болғаннан бері аудан­дағы қоғам­дық жұмыстардың барлығына дерлік белсенді қатыстым. Сайлау алдындағы праймеризде бағымды сынап көрдім. 2021 жылы партия атынан Бесқарағай ауданынан облыстық мәслихаттың депу­таты болып сайландым. Де­пу­тат болудың үлкен жауап­кер­шілік екенін сезініп, жер­гілікті жұртты толғандырған мәселе­лердің шешілуіне қол­дан кел­генше қол ұшын созып жатқан жайым бар», – дейді ол. Облыстық мәслихатқа депутат болған бір жылдың көлемінде ау­дандағы бірнеше өзекті мәсе­ленің шешім табуына атсалысыпты. «Бөдене ауылындағы мектепте көп жыл жөндеу жүргізілмеген екен. Осы мәселені облыстық мәслихат­та көтерген соң тиісті қаражат бө­­­лініп, жөндеу жұмыстары жүргі­зілді. Жақында аяқталады. Мостик ауылына ауызсу тарту мәселесіне орай облыстық мәс­лихат хатшысы мен басқармаларға депутаттық сауал жолдадым. Мәселе шешімін тапты. Ауылға екі блокты-модульді стан­са орна­тылды», – дейді де­путат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурызда өткен партияның кезектен тыс съезінде: «Партия популизмге са­лынып, орындалмайтын уәде бер­мегені жөн. Сонда Премьер-Министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол беріл­мейді. Егер осылай жал­ғаса берсе, күдік кү­шейіп, адамдар­дың партияға деген сенімі жоға­лады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Мұндай көзбояушылықтың салдары адам­дардың әлеуметтік көңіл күйіне және ішкі саяси тұ­рақ­тылыққа ықпал етеді. Бұған, әсі­ресе геосаяси тұрақсыздық жағ­дайында жол беруге болмайды. Сай­лаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуе­тін барынша пайдалану қажет» деген болатын. Айнаш Әменова қазір депу­таттардың жұмысы бұрынғыдан гөрі жандана түскенін, халықпен кездесулер жиі өтіп жатқанын ай­тады. «Қазір аудандағы барлық ауылдарда кездесу өткізіп жатыр­мыз. Халық өздерін тол­ғандырған көкейкесті мәселелерді айтып жа­тыр. Біздің Бесқарағай ауданында 6 орман шаруашылығы бар. Жұ­мысшылардың орташа айлығы 50-70 мың теңгені құрайды. Бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депу­таттарына да жеткізгенбіз. Қарағайлы, Бас­көл ауылдары мен Бөкебай орман шаруашы­лығында кездесу өткізгенде халық медици­налық амбулаторияның жоқтығын алға тарт­ты. Амбулаторияның жоқ­тығы өз алдына, округке берілген жедел жәрдем көлігі аудан орталы­ғын­дағы орталық ауруханаға биыл қараша айынан бастап қайтарыл­ғаны тұрғындар өз нара­зы­лықтарын білдірді. Бұл мәселе­лер­ді аудан әкімдігімен бірлесе ше­шуді жоспарлап отырмыз», – дейді депутат. Айнаш Әлібекқызы 2021 жылы белсенді депутаттық қызметі үшін Парламент Сенаты Төрағасының Құрмет грамотасымен және партия Төрағасының бірінші орынба­са­рының «Белсенді қызметі үшін» төс­белгісімен марапатталған.

Шығыс Қазақстан облысы