Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Айнаш Әменова – 2010 жылдан бері AMANAT партиясының мүшесі. 2008 жылдан бастап аудандық ішкі істер бөлімінде аудармашы, мемлекеттік тілді оқытатын мұғалім болып жұмыс істеген ол 2010 жылдан бері Тілдерді оқыту орталығында еңбек етіп келеді. 2018 жылдан осы орталықтың директоры. «Партия мүшесі болғаннан бері аудандағы қоғамдық жұмыстардың барлығына дерлік белсенді қатыстым. Сайлау алдындағы праймеризде бағымды сынап көрдім. 2021 жылы партия атынан Бесқарағай ауданынан облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Депутат болудың үлкен жауапкершілік екенін сезініп, жергілікті жұртты толғандырған мәселелердің шешілуіне қолдан келгенше қол ұшын созып жатқан жайым бар», – дейді ол. Облыстық мәслихатқа депутат болған бір жылдың көлемінде аудандағы бірнеше өзекті мәселенің шешім табуына атсалысыпты. «Бөдене ауылындағы мектепте көп жыл жөндеу жүргізілмеген екен. Осы мәселені облыстық мәслихатта көтерген соң тиісті қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жақында аяқталады. Мостик ауылына ауызсу тарту мәселесіне орай облыстық мәслихат хатшысы мен басқармаларға депутаттық сауал жолдадым. Мәселе шешімін тапты. Ауылға екі блокты-модульді станса орнатылды», – дейді депутат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурызда өткен партияның кезектен тыс съезінде: «Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-Министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Мұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет» деген болатын. Айнаш Әменова қазір депутаттардың жұмысы бұрынғыдан гөрі жандана түскенін, халықпен кездесулер жиі өтіп жатқанын айтады. «Қазір аудандағы барлық ауылдарда кездесу өткізіп жатырмыз. Халық өздерін толғандырған көкейкесті мәселелерді айтып жатыр. Біздің Бесқарағай ауданында 6 орман шаруашылығы бар. Жұмысшылардың орташа айлығы 50-70 мың теңгені құрайды. Бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депутаттарына да жеткізгенбіз. Қарағайлы, Баскөл ауылдары мен Бөкебай орман шаруашылығында кездесу өткізгенде халық медициналық амбулаторияның жоқтығын алға тартты. Амбулаторияның жоқтығы өз алдына, округке берілген жедел жәрдем көлігі аудан орталығындағы орталық ауруханаға биыл қараша айынан бастап қайтарылғаны тұрғындар өз наразылықтарын білдірді. Бұл мәселелерді аудан әкімдігімен бірлесе шешуді жоспарлап отырмыз», – дейді депутат. Айнаш Әлібекқызы 2021 жылы белсенді депутаттық қызметі үшін Парламент Сенаты Төрағасының Құрмет грамотасымен және партия Төрағасының бірінші орынбасарының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Шығыс Қазақстан облысы