Бұл мейрамның өзгелерден жөні бөлек
Бұл мейрамның өзгелерден жөні бөлек
364
оқылды
«Самарқанның көк тасы еріп», құт-берекенің жаршысы болған әз-Наурыз таяды. Ұлық мейрамды әр адам әртүрлі тойлайтыны белгілі. Біреуге бұл күннің маңызы зор. Енді бірі жұртпен табысып, көппен тойласа, кейбір жан отбасында атап өткенді жөн көреді. Бәрі де келер күннің жақсы болғанын, ырыс-несібенің тасып, елдің аман-есен жүргенін тілейді. Біз осы тұста дәстүрлі қазақ өнеріне ерен үлес қосып, елдің ықыласына бөленген тұлғалардың өмірінде Наурыз несімен ерекшеленетінін сұрап көрген едік. Аманжол Аманжол ӘЛТАЙ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Жаңа жылға тазарып барамын

– Күн мен түн­нің қарасы теңе­летін, ақ молайып, ырыс кеңейетін, берекенің айы – наурыз. Шығыс ха­лықтарының шы­райлы жаңа жылы. Қырдағы ел ойдағы елмен ара­ласып, бауырмал­дыққа жетелейтін кезең. Наурыз – адам­заттың, табиғаттың, тіршілік атаулының қайта серпін алатын мейрамы. Осы мей­рам қазақ халқының тарихында ұлт болып, ұйысуымызға, бірігуімізге үлкен ықпалын тигізген. Өйткені еліміз қашанда бауыр­мал­дықты, ізгілікті, кешірімді, небір ұлық қа­сиеттердің барлығын Наурызбен бай­ла­ныс­тырған. Тату жүріп, өкпені өткенге қал­ды­рып, жаңа жылға тазарып, жаңарып ба­ратын күн. Өзіміз үйде бұрынғы дәстүр­дің ізін жалғап, қара қазанға наурызкөже пі­сі­реміз. Қыстан қалған сүрді қайнатып, бала-шағамызбен мәре-сәре болып, бір-бірімізге жақсылық тілейміз. Болашаққа табыс ті­леп, жан дүниеміздегі бір тазаруды, мейір­ленуді бастан кешеміз. Осылай қазақтың салтымен, дәстүрімен қарсы аламын. Қайрат Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Қазақстанның халық әртісі:

Жақсы тілектің күні

– Ең әуелі Наурыз – ізгі тілек айтатын, туған-туыспен қауышып, табысатын күн. Өкпесі барлар кешу сұрайды. Әр адам болашақтан үміт күтіп, жақсылық тілейді. Басты мәні сол. Арқамыз кеңіп қалатыны шын. Жұртта уайым-қайғы болмасын, халық қиналмасын, алмағайып заманда тыныштық болсын деп дәметеміз. Өз басым бұл мейрамда үйде боламын. Отбасымның қасында, таныс ел-жұртты жинап, үйдің көжесін ішіп, үлкендерден бата сұраймыз. Ерлан   Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, дәстүрлі әнші:

Наурыз – теңдік символы

– Наурыз мейрамының әлі де болса халықтық сипат ала алмай отырғаны рас. 1989 жылы қайта қанат жайып, осы мейрам тойлана бастағанда елдің ықыласы ерекше еді. Қазір жұртқа бейнетке айналды. Алаңға үй тігіп, әнші мен бишіні әурелеп, шенділерді қонақ етеді. Яғни, әкім-қаралардың бабын жасап, күтетін ме­рекеге ұласты. Ал халық қазан-ошақтың маңайында әбігерге түседі. Жалпы, ықылым заманнан наурыз ай мен күннің теңелгені сияқты, хан мен қараның да теңелетін күні болған. Яғни, бұл мейрам теңдік символы. Негізі, мерекелердің дәрежесі белгіленгені жөн. Ең басында Наурыз, Тәуелсіздік, сосын әлемге ортақ Жаңа жыл болғаны жөн. Мейрам күні үйде боламын, тілегімді айтып, демалғанды жөн санаймын. Сондықтан мерекенің тойлау форматын өзгерткен абзал.