«Самарқанның көк тасы еріп», құт-берекенің жаршысы болған әз-Наурыз таяды. Ұлық мейрамды әр адам әртүрлі тойлайтыны белгілі. Біреуге бұл күннің маңызы зор. Енді бірі жұртпен табысып, көппен тойласа, кейбір жан отбасында атап өткенді жөн көреді. Бәрі де келер күннің жақсы болғанын, ырыс-несібенің тасып, елдің аман-есен жүргенін тілейді. Біз осы тұста дәстүрлі қазақ өнеріне ерен үлес қосып, елдің ықыласына бөленген тұлғалардың өмірінде Наурыз несімен ерекшеленетінін сұрап көрген едік.
Жаңа жылға тазарып барамын
– Күн мен түннің қарасы теңелетін, ақ молайып, ырыс кеңейетін, берекенің айы – наурыз. Шығыс халықтарының шырайлы жаңа жылы. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, бауырмалдыққа жетелейтін кезең. Наурыз – адамзаттың, табиғаттың, тіршілік атаулының қайта серпін алатын мейрамы. Осы мейрам қазақ халқының тарихында ұлт болып, ұйысуымызға, бірігуімізге үлкен ықпалын тигізген. Өйткені еліміз қашанда бауырмалдықты, ізгілікті, кешірімді, небір ұлық қасиеттердің барлығын Наурызбен байланыстырған. Тату жүріп, өкпені өткенге қалдырып, жаңа жылға тазарып, жаңарып баратын күн. Өзіміз үйде бұрынғы дәстүрдің ізін жалғап, қара қазанға наурызкөже пісіреміз. Қыстан қалған сүрді қайнатып, бала-шағамызбен мәре-сәре болып, бір-бірімізге жақсылық тілейміз. Болашаққа табыс тілеп, жан дүниеміздегі бір тазаруды, мейірленуді бастан кешеміз. Осылай қазақтың салтымен, дәстүрімен қарсы аламын.Жақсы тілектің күні
– Ең әуелі Наурыз – ізгі тілек айтатын, туған-туыспен қауышып, табысатын күн. Өкпесі барлар кешу сұрайды. Әр адам болашақтан үміт күтіп, жақсылық тілейді. Басты мәні сол. Арқамыз кеңіп қалатыны шын. Жұртта уайым-қайғы болмасын, халық қиналмасын, алмағайып заманда тыныштық болсын деп дәметеміз. Өз басым бұл мейрамда үйде боламын. Отбасымның қасында, таныс ел-жұртты жинап, үйдің көжесін ішіп, үлкендерден бата сұраймыз.Наурыз – теңдік символы
– Наурыз мейрамының әлі де болса халықтық сипат ала алмай отырғаны рас. 1989 жылы қайта қанат жайып, осы мейрам тойлана бастағанда елдің ықыласы ерекше еді. Қазір жұртқа бейнетке айналды. Алаңға үй тігіп, әнші мен бишіні әурелеп, шенділерді қонақ етеді. Яғни, әкім-қаралардың бабын жасап, күтетін мерекеге ұласты. Ал халық қазан-ошақтың маңайында әбігерге түседі. Жалпы, ықылым заманнан наурыз ай мен күннің теңелгені сияқты, хан мен қараның да теңелетін күні болған. Яғни, бұл мейрам теңдік символы. Негізі, мерекелердің дәрежесі белгіленгені жөн. Ең басында Наурыз, Тәуелсіздік, сосын әлемге ортақ Жаңа жыл болғаны жөн. Мейрам күні үйде боламын, тілегімді айтып, демалғанды жөн санаймын. Сондықтан мерекенің тойлау форматын өзгерткен абзал.