Салтты да сыйлықпен сезіндіре алсақ
Салтты да сыйлықпен сезіндіре алсақ
Халқымыздың қастерлі мерекесі Ұлыстың ұлы күні – жыл басы ғана емес, жақсы­лықтың бастауы. Тіршілікке жан бітіріп, жаңару мен рухани тазару айы болған қастерлі мейрамды қалай тойлатып жүрміз? Ырыс пен ынты­мақ­тың басы саналған бұл күнді қазақтың салт-дәстүрін дә­ріп­тейтін күн ретінде ғана қа­былдау қаншалықты дұрыс? Қыстан аман шыққан жұрт әз-Наурызда бір-бірімен қауышып амандасып, көңілдерінде қатып қал­ған кірбің болса, кешірім сұрап, табысады. Жұрт үйлерінің айна­ла­сын қоқыстан тазалап, ыдыстардың сынғанын лақтырып, артық заттан арылады. Жыл басын осылайша жа­ңарып, жасанып, жаңа киім киіп қар­сы алған. Өйткені ықылым за­маннан бастап қазақ мейірім мен шапағат молынан төгілетін осы айда келетін ұлттық мерекемізді ынтымақ пен ырыстың мейрамы деп есептеді. Осылайша, бұл мерекеде қазақ хал­қының асыл қасиеттері паш етіліп, ертеден келе жатқан салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз кеңінен насихатталады. Алты ай қыстан аман шыққан жұрт жаңа жылдан мол ырыздық нәсіп етіп, бір қазан­нан дәм татуды да күні бүгінге дейін үзген жоқ. Ес білгелі әжелеріміз ме­рекені тойлауды ақпан айының аяғынан бастап, әр үйде көл-көсір дастарқан жайылып, көже пісірі­летін. Қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрлер қазір де Ұлыстың ұлы күніне арналған ресми іс-ша­ралар мен әр ұжымда насихатталып жатыр. Ол да дұрыс шығар. Дегенмен жыл бастауы әз-Наурызды қазір салт-дәстүрді дәріптейтін күнге ай­налдырып, бастапқы мағынасынан ауытқып кеткен жоқпыз ба?

Кезекті іс-шара болып барады

Наурызға қатысты дәстүрлердің көпшілігі әлі орындалмай келеді. Бұл Ұлыстың ұлы күнін мейрам ре­тін­де тойлауға жалпыхалықтық ын­та-ықы­ластың әлі де жоқ екенін аң­ғартады. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары әз-наурыз айдың 22-де тойланады. Негізінен, наурызға да­йын­дықты одан ертерек бастау ке­рек. Елдегі этно­графтар мен тарих­шы­лар Ұлыс­тың ұлы күні Көрісу дәс­түрінен бас­талады дегенді айтады. Кейбір жер­лерде «Амал» деп атайды. Күн мен түннің теңелуіне бір апта қал­ғанда ағайын-туыс аман-есен нау­рызға жеткеніне қуанып, қол алы­сып, төс қағыстырады. Ал жасы кі­шілер үлкендерге сәлем беріп, ба­тасын алады. Этнограф, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кейбір деректеріне сүйенсек, ерте уақытта бәйбішелер жаздыгүні қарын-қарын май жинап, жент, құрт жинап, «Нау­рызда ашамын» деп ырым қылған. Наурызға дейін женті тас қайрақтай болып қатып жатады. Ал наурызда «Самарқанның көк тасы жібігенде» әжелердің женті де жібиді. Қыста жент сұраған немересіне әжелері «Наурыз келсін, сол кезде қарынға қолды салып, жібіген жентті жейміз» деп ынтықтырып қояды. Бұл ын­тық­тырудың артында наурызды күттіру жатыр. Себебі кез келген мейрамды халық асыға күтеді. Ұлық мереке саналатын әз-Наурыздың ерекшелігі де сол. Ұлыстың ұлы күні келе жатқанын үлкен мен кіші де тағатсыздана күтпесе, мейрам са­нал­майды. Өкінішке қарай, қазіргі жыл басы саналатын мейрамымыз әкімшілік тарапынан жасалған ке­зекті іс-шара ретінде өтеді. Жыл са­йынғы киіз үй тігіп, көже тара­ты­лады. Ары кетсе әр ұлттың ұлттық киімі көрсетіліп, қазақтың салт-дәстүрі паш етіледі. Құдды наурыз қа­зақтың дәстүр-салтын есіне түсі­ретін этнографиялық тойына айна­лып кеткендей. Шындығында, Ұлыс­тың ұлы күні ұлттық жаңғыру мен ұлт құндылықтарына көз­қа­расымыз бен ұлтжандылығымыздың ұрпаққа үлгі ететін ұлық мерекесіне айналуы керек емес пе?

Қазақтың өз көжесі бар, ол – денсаулық көжесі

Жазушы-этнограф Төрехан Май­бастың айтуынша, Ұлыс мей­рамы күнтізбеміздің бірінші айы – Наурыз. «Бұл айды халық ежелден кө­рісуден бастайды. Дұрыс. Сосын киіз үйден тұтастай қала тігеді. Аста-төк қайысқан дастарқанды жасап, наурызкөже береді. Бұл көжені күні бүгінге дейін төрге шығарып, әс­пет­теп келеміз. Біздің Наурыз мейра­мы­ның басты ұстыны – наурыз­көже. Бұл – дұрыс емес», – дейді ол. Этнограф бабаларымыз атаулы тойларға тек жылқы малын жарат­қан. Сондықтан көженің қазақ баласының басты тойында берілуі, одан қалса оны әспеттеу дұрыс емес. Көже болса, оның сойыс малы сиыр да емес, түйе де емес, жылқы да емес, қой болу керек. Екіншісі – нау­рызым торғайы. Осы құс кө­рін­генде халық бір-бірінен сүйінші сұрайды. Ел олардың су ішкенін аңдиды. Өйткені олар су ішкен күні күнтізбеге Наурыз кіреді. Үшінші – наурыздың бірінен бастап қасаттана бастаған қарға қой құмалағын тас­тайды. Оның шамамен бой жасы­ратын кезі наурыздың 14-не келеді.Сол күннен бастап әр үйде қазан көтеріліп, мейрам суы келтіріледі екен. Қазақ бұл мейрамда ел-жұрт болып бұлақ көзін ашады. Нау­рыз­көженің суы бұлақтан алынады. «Нау­рыз мейрамының басты атри­буты қызыр да, қымыз да, қазы да, қарта да, құрт та, жент те, шапан да, камзол да, сәукеле де, домбыра да, қобыз да, киіз үй де емес. Бұл – бұ­лақтың суы мен қой етінен жасалған көже. Оның құрамында қатық пен сықпа құрт, тұз, қойдың еті, қойдың құйрық майы, бидай, арпа. Бұл – денсаулық көжесі. Өйткені көктемге жұрт қалжырап жетеді, ал денсаулық қосатын бірден-бір дәм – қойдың майы. Қазіргі көжені біз қойыртпақ жасадық. Ұлыстың ұлы күнін ұлық­тауды көжені танудан басталу керек. Одан кейін жыл басы келгенін көр­сету. Оны қалай насихаттаймыз? Қа­зіргідей тұсау кесіп, шілдехана жасау емес. Бұлақтың көзін ашып, тіршілік жанданғанын жұртқа көр­сету», – дейді тарихшы.

Мейрамды тойлаудың тұжырымдамасы керек

Ғалым, фольклортанушы Ақеділ Тойшанұлы «Ұлыс мейрамы – салт-дәстүрді насихаттаушы құралға ай­налып барады», – дейді. Тіпті, бұл мәселе айтыла-айтыла жауыр болуға айналғанын айтып отыр. Оның сө­зінше, Наурыз құшақтасып көрісіп, бір жаспен құттықтаудан басталған. «Бұрын қазақ бір жасқа келгенін де осы аймен байланыстырған. Ешкім қазіргідей жеке туған күндерін атап өтпеген», – дейді ол. Мейрамның тағы бір ерекшелігі – тазалану. Бі­теліп қалған бұлақтың көзін ашып, ағаш егу, қораларды қопсытудан бас­талу керек. Сондықтан мереке жап­пай халық болып той тойлатудан бұрын көшет отырғызып, бұлақтың көзін ашудан басталғаны дұрыс. Осылай деген Ақеділ Тойшанұлы: «Салт-дәстүрді дәріптеу де артық емес. Дәл сол уақытта бала аяғын тәй-тәй басса, тұсауын кесу артық болмайды. Екі жас бас қосып, отау құруға шешім қабылдаса, дәл сол мерекеде рәсімін жасау ағаттыққа жатпайды. Дегенмен қазіргідей халықтық мерекеден мемлекеттік деңгейде тойлатуды қолға алу үшін мейрамды тойлаудың мемлекеттік деңгейде тұжырымдамасы бекітілуі керек. Бұл Президенттің Ұлыстың ұлы күнінде халыққа жыл басының келуімен құттықтап бейнеүндеу жол­дауынан басталса құба-құп. Ұлыс мейрамы – халықаралық ме­реке. Сосын мамырда ұйымдас­ты­рып жүрген қазақша күрестен рес­публикалық сайыс пен айтысты осы мерекемен байланыстыру керек. Бұл мектептен бастап республикалық деңгейде өткізілсе, балалар да нау­рызды асыға күтер еді. Мерекелік көңіл күймен дайындалатын бо­лады. Сосын ұлтымыздың жаңғы­руына үлес қосқан жандарға беретін марапаттарды осы айда табыстап, жыл адамдарын жыл басында анық­таған дұрыс», – деп отыр. Шындығы сол, жыл сайын Пре­зидент шыршасын айнала билеп, сыйлық күтеді. Сол секілді балаларға салт-дәстүрді дәріптеуден бұрын мерекенің мәнін көрсетіп, жылдың келгенін санасына сыйлық беріп сі­ңіртуден бастау жөн-ақ. Жыл кел­ген сезінгенде ғана мерекенің мәні болар еді. Оның сыртында талайдан бері тарихшылар айтып жүрген студенттердің демалысын да осы айға көшіру керек-ақ. Бұл да осы мерекеде туған жеріне барып, отба­сымен бірге бұлақ көзін ашып, туған топырағында көшет отырғызатын тіршілік айының келгенін түсінуге септігін тигізер еді.