Мереке қарсаңында сауда үйлерінде түрлі жеңілдік жасап, тұтынушыларды көптеп тартудың тәсіліне көшеді. Сырт көзге тауарды өткізудің амалы болып көрінгенімен, бұл қадамның белгілі бір деңгейде халыққа мерекелік көңіл күй сыйлайтыны жасырын емес. Мейрам күндері ағайын-туысты, көрші-қолаңды аралайтын біздің қазаққа керегі – осы. Жеңілдіктері бар сауда дүкендерінен сыйлық алады. Дастарқанға керек-жарағын қамдайды. Шыны керек, жаңа жыл қарсаңында жеңілдіктер маусым 1 ай бұрын басталып, мерекеден кейінгі 2 аптаға жалғасады. Ал Ұлыстың ұлы күнінде мұндай алашапқын байқала қоймайды. Сонда да болса, коммерциялық ұйымдар соңғы жылдары Наурыз мейрамының да мән-маңызын ескеріп, мерекеге орай түрлі маркетинг қадамын жасап жатады. Мәселен, азық-түлік дүкендері желісі «Жомарт Наурыз» акциясын өткізеді. Акция аясында аталған дүкендер желісінен сауда жасаған тұтынушылар арасында 555 қомақты ұтыс ойнатылмақ. Техникалық дүкендер де «Жеңілдіктер түні» сияқты арнаулы акциялар ұйымдастырып тұрады. Мұндай шараларға өзге сауда үйлері де қолдау білдіріп жатыр. Әсіресе, ұлттық киім-кешек, тағамдар ұсынатын кәсіпкерлер Наурыз қарсаңында түрлі маркетинг қадамы арқылы тұтынушылардың назарын аударуға тырысады. Бұл орайда халыққа тиімді жеңілдіктер жүйесін жолға қоя алғандар ғана көпшіліктің көңілінен шығып, нарықтағы бәстен дараланбақ. Бұдан бөлек, халықтың төл мәдениетіне ден қоя алған сауда орындары бір оқпен екі қоян ата алады. Маркетологтер Наурыз сияқты ұлттық мейрамдарда түрлі маркетинг қадамына бару кәсіпкерлерге мол табыс әкелумен бірге халық арасында беделге ие болуға да ықпал ететінін айтады. – Жаңа жыл сияқты ауқымды сипатқа ие болмаса да, Наурыз мерекесі қарсаңында пайыздық жеңілдіктер, акциялар сипатындағы маркетинг шараларын ұйымдастыру тенденциясы қалыптасып келеді. Маркетинг қадамдары жасалатын мерзіміне байланысты әлемдік және географиялық шараларды қамтиды. Яғни, бізді күллі әлем және елімізде ғана тойлайтын мерекелер бар. Мәселен, Наурыз біздің ұлттық мерекеміз. Демек, Ұлыстың ұлы күнінде маркетинг қадамына бару арқылы компаниялар осы мерекені тойлайтындардың аудиториясының сеніміне ие болады, – дейді M.S. Narikbaev atyndag`y KAZGUU Universiteti маркетинг және PR департаментінің директоры Абылай Алатаев. Маман пікірінше, аудиторияның төл ерекшелігін ескеріп жасалған маркетинг қадамдары әрқашан өзін-өзі ақтайды. Біріншіден, дәл осы әдіс арқылы мереке күндері сауда орталықтарына қарай ағылатын көпшілікті тұтынушылардың негізгі аудиториясына айналдыруға болады. Екіншіден, халықтың менталитетіне, ұлттық ерекшелігін ескеру арқылы тауар немесе қызмет ұсынушыны халыққа жақындата түседі. – Маркетинг саласында эмоционалды маркетинг қадамы деген ұғым бар. Бұл жақсы әсер қалдырған компаниямен, қызмет көрсетушімен жұмыс істеуге құштарлықты білдіреді. Былтыр Наурыз мерекесінде Алматы қаласындағы қонақүйге түстім. Ә дегеннен қызметкерлерінің ұлттық киім кигені, алтыбақан тіккені көңілімнен шықты. Осылай-ақ әлгі қонақүй тұтынушы ретінде мені баурап алды. Бұл мысал сәтті маркетинг қадамының нәтижесін көрсетеді. Қазір Қазақстан нарығында шетелдік компаниялар көп. Сәйкесінше, олар тек Жаңа жылда ғана жеңілдіктер жасамай, Наурыз қарсаңында да маркетинг қадамына барса, ол қадам өзін-өзі міндетті түрде ақтар еді. Мұнда ұлттық мейрам деп тауар мен қызметтің санаулы ғана түрімен шектеліп қалмаған дұрыс. Мейрам мен мейрам алдындағы қарбалас бизнестің 90 пайызына ықпал етеді, – дейді. Әз-Наурыз кезінде серпін алатын кәсіптің түріне ұлттық киімдер мен ас-су ұсынатындарды жатқызуға болады. Мерекеге орай ұйымдастырылатын көпшілік іс-шараларда ұлттық киіммен дараланғысы келетіндер киімнің дәл осы түрін тігетін шеберханалардың жұмысын жандандырады. Бұл күндері ою-өрнекпен әрленген киімдерді сататындар мен жалға беретін кәсіп иелерінің қолы жүреді. Сонымен қатар мәзірінде ұлттық тағамдар мен сусындар бар дәмханаларға да сұраныс артады. Мейрам күндеріндегі маркетинг қадамдары ұлттық брендпен жұмыс істейтін кәсіпкерлердің екінші тынысын ашатыны даусыз. – Біздің компания Ұлыстың ұлы күніне орай міндетті түрде арнаулы жеңілдіктер жасайды. Ұлттық дастарқанның басты атрибуты саналатын құрт пен түрлі тәттіні ұсынатын болған біздің өнімге сұраныс жоғары. Соған қарамастан тұтынушылардың ығына жығылып әрі мерекенің ұлттық реңкін сезіну үшін жеңілдіктер жасауға тура келді. Және көп жағдайда бұл қадам өзін-өзі толықтай ақтап жатады. Бастысы, көпшілік қазақтың ұлттың тағамдарын қолжетімді бағада сатып ала алады. Соның өзі оларға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады деп ойлаймын, – дейді АсылТас Holding-нің директоры Рахман Омар. Расында, мереке қарсаңында маркетинг қадамдарын жасау әлемдік нарықта өзін-өзі толығымен ақтайтын тәуекелге жатады. Мәселен, соңғы жылдары біздің елдегі сауда орталықтары көптеп ұйымдастыра бастаған «Қара жұма (Жеңілдіктер түні)» шарасы да жалпыхалықтық сипатқа ие болғаны жасырын емес. Танымал шетелдік брендтердің өнімдерін қолжетімді бағада сатып алғысы келетін қазақстандықтар да қараша айындағы «Қара жұманы» асыға күтеді. АҚШ-тан бастау алған бұл акцияның атауы жеңілдіктер жасалатын күн деген мағынаны береді. Сондықтан болса керек, америкалықтар «Қара жұманы» қайырымдылық күні ретінде қабылдайтын. Американың ұлттық сауда-саттық федерациясының мәліметінше, дәл осы күні дүкендерге асығатындардың саны 200 миллионнан асып жығылады екен. Олар орта есеппен 400 долларға сауда жасайды. Сонымен қатар елдегі сауда-саттықтың 20 пайызы «Қара жұма» мен Рождество кезінде жасалатын көрінеді. Негізінде, әлем елдерінің тәжірибесінде «Қара жұма» акциясын қараша айында ұйымдастыру дағдысы қалыптасқан. Ал бұл терминнің танымалдылығын және тұтынушыларды тартудағы құдіретін ескерген ресейлік кәсіпкерлер жыл он екі ай «Қара жұма» өткізіп жатады. Тек 2019 жылдың өзінде Ресей Федерациясында осы акцияда 22,3 миллиард рубльге сауда-саттық жүргізіліпті. Қалай десек те, мерекеге әркімнің өз жоспары бар. Біреулер бұл күндері отбасы-ошақ қасында демалып, ағайын-туыспен қауышуға асықса, екіншілері мерекелік көңіл күйді табыс табудың тетігі ретінде қарастырады. Ал кәсіпкерлер мейрам күндердегі табыстың кілті сәтті маркетинг қадамын жасаудың тиімділігін нарықты өзі көрсетіп отыр.