Қазақ халқы ата кәсібі саналатын мал бағуды өмірімен біте қайнастырып, төрт түлігінен алған өнімді ысырап етпей, тұрмысына кеңінен қолданған. Табиғи таза өнімді пайдаланудың денсаулыққа қаншалықты пайдалы екені айтпасақ та белгілі. Малды жесең – азық, кисең – киім. Кейбіреуі тіпті мінсең көлік те болған. Ал жүнінен төсеніш болар киіз басылып, неше түрлі асыл жүн маталар тоқылады.
Бүгінде ұмыт қалған осынау дәстүрді жалғастырып, жүнді кәдеге асырып, заманауи түрлі бұйым жасайтындар да бар. Есесіне табиғи өнімнен жасалған ерекше стильдегі киімнің де, бұйымның да құны жоғары бағаланып, сұранысқа ие болып тұр. Сонымен бірге жүннен басылатын киіз де қайта жаңғырып келеді. Түркістан облысына қарасты Сауран ауданындағы Құсшы ата ауылында киіз басу дәстүрін дәріптеп жүрген әжей бар. Фарида Ереханова болашақта киіз басу дәстүрінің қайта жаңғыратынына сенеді. Былтыр киіз басудан аудан орталығында өткен байқауға ол басшылық жасайтын «Дария-Толқын» әжелер тобы да қатысып, бас жүлдені жеңіп алыпты. «Қазір менің бар ықыласым киіз басуға ауып жүр. Өйткені соңғы уақытта ел ішінде киізге деген қызығушылық арта бастады. Әсіресе, қыстыгүні еліміздің солтүстігіне, шығысы мен батысына көкөніс таситын жүк көліктерін жылытуға киіз сұрай келушілер көп. Одан бөлек, көліктің моторын да қатты аязда орап қойып, жылы ұстауға болады», – дейді әжей. Бұдан жүннен басылатын киіздің жылуды жақсы ұстайтынын, суыққа төзімді бірден-бір бұйым екенін аңғаруға болады.
Фарида әжей қазір адамдардың қой жүнінің қадірін білмейтінін айтады. Мәселен, жүргізушілер киізден көліктің орындықтарына жабу жасап алса, бұл олардың омыртқа ауруына шалдығуына жол бермейді екен. Расында да, бала күнімізде ата-анамыз «табаныңнан сыз өтпесін» деп аяқкиімімізге киізден ұлтарақ салып беретін. Суық тиіп ауырғанымызда үстімізге жүннен тоқылған киім кигізетіні еске түсті. «Бүгінде белі, аяғы ауыратын адамдар көп. Себебі табанымыздан сыз өтеді. Үйіміздің еденіне синтетикалық талшықтан жасалған кілем төсейміз. Оның жылуы киіздің жылуымен салыстыруға келмейді. Әрі ондай синтетикалық бұйымдардың адам ағзасына тигізер зияны да орасан. Сондықтан бізге киізді табиғи жолмен заман талабына сай етіп басатын өндіріс орындары қажет», – дейді тағы бірде кейіпкеріміз.
Шымкент қаласы