Геосаяси ахуал күннен күнге ушыға түсуде - Тоқаев
Геосаяси ахуал күннен күнге ушыға түсуде - Тоқаев
Мемлекет басшысы өз сөзінде салтанатты жиынға қатысушыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, бұл мейрамның тарихы терең төл мерекеміз екенін атап өтті, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. 
  – Әз Наурыз табиғатты түлетіп, тіршілікке нәр береді, жаңару мен жаңғыруға үндейді. Мен күні кеше ғана халыққа Жолдауымды жариялап, Жаңа Қазақстанды құруға жол ашатын маңызды бастамалар ұсындым. Мұның бәрі – елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы. Біздің мақсатымыз – тиімді мемлекет және әділ қоғам құру. Сондай-ақ халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту.  Ең бастысы, қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғап, Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыру, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қоғамның барлық саласында түбегейлі өзгеріс жасауға кірісе отырып, елімізді дамытудың мүлде жаңа кезеңіне қадам басатынымызға назар аударды. Оның пікірінше, Жаңа Қазақстан – абстракті идея емес, келешектің жарқын көрінісі.
– Сіздердің әрқайсыларыңыз ынтымақ пен бірлік құндылықтарына адалдығын іс жүзінде дәлелдеген нағыз патриотсыздар. Өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізбен, көмек қолын созуға деген шынайы ниеттеріңізбен барша отандасымызға үлгі-өнеге көрсетесіздер. Біз Қазақстанды реформалау үдерісін бастадық. Жаңа мүмкіндіктер мен  дамуға ұмтылған Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
  Президент Жолдаудағы әрбір бастаманы осы мақсатқа жету жолындағы нақты қадам деп санайды. Оны табысты жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
– Қазір аумалы-төкпелі кезең болып тұр. Геосаяси ахуал күннен күнге ушыға түсуде. Оның салқыны белгілі себептерге байланысты Қазақстанға да тиеді. Бірақ, біз  бағдарымыздан айнымай, көздеген мақсатымызға қалай да жетеміз. Сол үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде әрбір отандасымыз егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Халқымыз қашанда береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа баса мән берген, өзара жанашырлық пен қамқорлықты барынша дәріптеген.
– Ел ішінде бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен жандар аз емес. Кешегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз  жұртты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айналасындағы адамдарға көмектесті. Жауапты сәтте жұртына қорған болып, елдіктің нағыз үлгісін көрсетті. Осындай отаншыл тұлғаларымыз – жас ұрпаққа өнеге.  Халқымыз «Ер – еңбегімен қадірлі» деп бекер айтпаған. Елге еңбегі сіңген жандарға Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көрсетудің зор символдық мәні бар, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Наурыз мерекесі қарсаңында бір топ қайраткерге мемлекеттік награда тапсыру жөнінде шешім қабылдағанын жеткізді. Сондай-ақ бұл іс-шараны осы мейрамға орай өткізу игі дәстүрге айналатынын айтты.