Алматы облысында блогер 3,5 жылға сотталды
Алматы облысында блогер 3,5 жылға сотталды
Алматы облысында алаяқтық және бопсалау дерегі бойынша айыпталған блогерге қатысты сот үкімі шықты. Ол 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.  Сайттың мәліметінше, тергеу жұмыстары мен сот процесі соңғы бірнеше айда Еңбекшіқазақ ауданында өткен. Айыпталушы - әлеуметтік желілерде бірнеше мың оқырманы бар парақшаларды құрып, жүргізіп келген Шелек ауылының тұрғыны. Блогер пандемия кезінде ауылдық кафелердің бірінің әкімшісіне бизнеске зиянын тигізуі мүмкін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, ай сайын одан заңсыз шамамен 20 мың теңге алып отырған. Тергеу кезінде бірнеше алаяқтық және бопсалау фактілері дәлелденген. Еңбекшіқазақ аудандық сотының №2 шешімімен айыпталушы Қылмыстық кодекстің 194-бабы (Бопсалау) және 190-бабы (Алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл ретте сотталушының кәмелетке толмаған балалары бары ескеріліп, жазаны өтеу олар 14 жасқа толғанша кейінге қалдырылып отыр. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.