Министрлік Қазақстан Украинаға әскер жібереді деген қауесетті тағы да жоққа шығарды
Министрлік Қазақстан Украинаға әскер жібереді деген қауесетті тағы да жоққа шығарды
Қорғаныс министрлігі қазақстандық әскери техниканы Украина аумағына жіберу туралы қауесетті жоққа шығарды.
Stopfake.kz хабарлауынша, Telegram-да тас жолмен жүріп келе жатқан әскери автомобильдер түсірілген бейнеролик таралып жатыр. Видео сипаттамасында бұл Украинаға бара жатқан техника болуы мүмкін деп жазылған.
«Қазақстанның Қарулы күштерінде желтоқсаннан наурызға дейін жалғасатын қысқы оқу кезеңі өтуде. Ол мамандығы бойынша әскери қызметшілерді даярлаудан басталды. Бөлімшелерден батальондарға біртіндеп ауыса отырып, кезең-кезеңімен жауынгерлік үйлестіру және барлық деңгейлерде өзара іс-қимылды пысықтау жүзеге асырылады. Жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар жоспарға сәйкес ұйымдастырылды және күштер мен құралдардың тұрақты орналасу пункттерінен оқу-жаттығу полигондарына және кері бағытта қозғалуымен байланысты» – делінген министрлік сайтында жарияланған ақпаратта.
Сондай-ақ ведомсто өкілдері жауынгерлік даярлықтың қарқыны біртіндеп артып келе жатқанын хабарлады. Қысқы оқу кезеңі аяқталғаннан кейін әскери бөлімшелер жекелеген батальондар мен бригадалар ауқымында жауынгерлік оқ атумен тактикалық оқу-жаттығуларды өткізуге кіріспек.