Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Оқушылар сарайына барды. Президентке ғылым-білім орталығын қайта қалпына келтірудің және жаңғыртудың алғашқы кезеңінің нәтижесі мен жоспары туралы айтылды.
Сонымен қатар мемлекет басшысына Алматы қаласы әкімдігінің балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау үшін атқарып жатқан жұмыстары жөнінде айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың көркем шығармашылық жұмыстарының көрмесімен және Сарайдың жаңа инновациялық қызметімен танысты. Ол биология және нейротехнология, гидропоника, 3D модельдеу және робот жасау зертханаларын, сондай-ақ анимация, дыбыс жазу, білім беру медиажобаларына арналған студияны аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға сыйлықтар берді. Оның ішінде мобильді құрылғы арқылы басқарылатын кейінгі үлгідегі оқу телескопы бар. Сонымен қатар президент Оқушылар сарайына автобус сыйға тартты.