Петропавлда жылу-электр орталығындағы апат кезінде үйінді астында қалған машинист-қараушының денесі табылды, – деп хабарлады СҚО төтенше жағдайлар департаменті. Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жылу-электр орталығында түтін мұржасы опырылып түскен кезде үйінді астында қалған машинист-қараушының денесі табылғанын растады. Әлеуметтік желіде әйелдің денесі табылғаны жөнінде ақпарат шамамен екі сағат бұрын тарады. Кезекші ауысым қызметкерлерінің бар-жоғын анықтау кезінде қазандық цехының жабдықтарын қараушы машинист, 1984 жылы туған әйелдің жоғы анықталған. СҚО ТЖД қызметкерлері оқиға орнында дереу іздестіру-құтқару жұмыстарын бастады. Кейін оларға Нұр-Сұлтан қаласының жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қосылды. Іздеу жұмыстары 2 тәуліктен астам уақыт жүргізілді. Бұл жұмысқа кинологиялық қызмет те тартылды. Ауыр инженерлік техниканы пайдалану мүмкіндігі болмағандықтан, құтқарушылар үйінділерді қолмен шанц және гидравликалық құралдарды пайдалана отырып қопарды.
"22 наурыз күні сағат 10.32-де құрылыс конструкцияларының үйінділерінің астынан әйелдің денесі табылды. Сағат 12.05-те мүрде үйінділердің астынан шығарылды және сот-медициналық сараптама жүргізу үшін берілді", – делінген хабарламада.СҚО ТЖД психологиялық қызмет тобы марқұмның туыстарымен жұмыс істеп жатыр. Жұмысшының аты-жөні – Наталья Олеговна Чефонова.
Бұған дейін Петропавлдағы апат болған жылу орталығының директоры мен бас инженері қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.