Бір тәулікте қар құрсауынан 91 адам құтқарылды
Бір тәулікте қар құрсауынан 91 адам құтқарылды
Фото: yandex.kz
97
оқылды

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығынан өткен бір тәулікте қар құрсауында 91 адам қалған. Оның ішінде 14 бала бар.

Кеше сағат 01.23-те Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданында айналма жолда құтқарушылар қар құрсауында қалған жеңіл автокөліктен 7 адамды, оның ішінде 2 баланы астанаға жеткізді. Арқалық қаласында, Амангелді және Әулиекөл аудандарында қар құрсауында қалған автомобильдерден 32 адамды, оның ішінде 5 баланы жақын маңдағы елдімекендерге жеткізді. Кеше сағат 14.30-да Қарқаралы ауданында «Қарағанды – Аягөз-Бұғаз» автожолының 207 шақырымында, Қарқаралы қаласынан 7 шақырым жерде құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған Тоyоtа Carina автокөлігінен 4 адамды құтқарып, Қарқаралы қаласына жеткізді. Түнгі  22:10-да Ақтоғай ауданында «Ақой-Ақтоғай-Балқаш» автожолының 160-шақырымында, құтқарушылар мен «Берер» ЖШС қызметкерлері қардан тазалаған учаскеге 16 жеңіл автокөлік шығарылды. Салонда 48 адам, оның ішінде 7 бала болды. Бүгін сағат 13.30-да Амангелді ауданында Амантоғай ауылынан 15 шақырым жерде облыстық маңызы бар автожолда Қостанай облысы ТЖД мен жергілікті атқарушы органның күштерімен автожолдың тазартылған учаскесіне 4 жеңіл көлік сүйреп шығарылды. Автокөліктерде 19 адам, оның ішінде 2 бала болған. Қазіргі уақытта боранға байланысты елімізде автожолдардың 46 учаскесінде, оның ішінде 26 республикалық  (Нұр-Сұлтан қ. – 6, Ақмола – 12, Қарағанды – 3, Қостанай – 1 және Павлодар - 4) және 20 облыстық маңызы бар (Ақмола – 14 және Қостанай - 6) автожолдар жабық. Қазіргі уақытта жолдарда республикалық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Осындай штабтар өңірлерде де қызмет атқаруда. Облыстық жедел штабтардың ақпараты бойынша блок-бекеттерде 915 бірлік техника тұр. Оның ішінде 780 бірлік жеңіл және 133 бірлік жүк автокөліктер (Ақмола – 650 бірлік, оның ішінде 562 бірлік жеңіл және 88 бірлік жүк, Қарағанды – 85 бірлік, оның ішінде 70 жеңіл және 15 бірлік жүк, Павлодар 180 бірлік, оның ішінде 150 бірлік жеңіл және 30 бірлік жүк).

«Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы жолдардың жабылуы туралы толыққанды мәлімет алуға болады.