Ақтөбеде бір ер адам отбасылық жанжал кезінде ашумен әйелінің үстіне қайнап тұрған ыстық суды құйып жіберген. Ол аздай, жедел жәрдем шақыруға рұқсат бермеген. Бұл оқиғаны «Не молчи» қоғамдық қоры жария етті. Сорақысы, оқиға үйде балалардың көзінше болған. Күйіктен ауырсынып қозғала алмай қалғанына қарамастан, күйеуі әйеліне екі күн бойы жедел жәрдем қызметін шақыруға рұқсат бермеген. «Шақырсаң, қол-аяғыңды сындырамын» деп қорқытқан. Әлгі әйел күйеуі жұмысқа кеткен кезде ғана жедел жәрдем шақырған. Бірақ, өкініштісі, ауруханада бұл дерек бойынша полиция шақырылғанымен, ол әйел арыз жазудан бас тартқан. Осылайша, отбасылық шектен шыққан қатыгездік жалғасып, оны одан ары қинайтынына бәрі көз жұма қарады», – деп жазды Facebook парақшасында құқық қорғаушы Дина Таңсәрі. Оның айтуынша, отбасында алты бала бар екен. Үлкені 14 жаста, ал кішісі небәрі бір жаста. Сондай-ақ белгілі болғандай, әйел жүкті кезінде күйеуі оның басын да жарған, бірақ сол кезде әлгі әйел полицияға хабарласпаған. Әйтсе де, бұл жолы Ақтөбе полициясы қалыс қалмады. «Қазір ол азаматшадан күйеуіне шара қолдану туралы арыз түсті. Жәбірлеуші қамауға алынды. Соталды тергеу басталды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер органдары тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жасырмай, құқық қорғау органдарына міндетті түрде хабарлауды сұрайды», – делінген Ақтөбе облысы Полиция департаменті таратқан хабарламада.