Апат себептері анықталып жатыр
Апат себептері анықталып жатыр
Наурыз мейрамы қарсаңында Петропавл қаласында апат болып, №2 жылу-электр стансасының мұржасы құлады. Апат салдарынан бір әйел қаза тапты. Оның артында 15 жасар баласы мен осы кәсіпорында жұмыс істейтін жолдасы қалды. Қызыл­жарлықтар мереке күндері жылусыз, ыстық сусыз дірдеңдеп, тоңып отыруға мәжбүр болды. Былтырдан бері бұл кәсіпорында бірнеше рет ірілі-ұсақты апат тіркелген. Қақаған қыста монополист компания петропавлдықтарды жылуға жарытпады. 20 наурыз күні кешкісін Пет­ропавл жылу-электр стансасының 150 метрлік №1 мұржасының 60 метрі опырылып құлады. Үйін­ділердің астынан кәсіпорынның машинист-қараушысы 1984 жылы туған Наталья Чефонованың мүр­десі табылды. Оны іздестіру екі тәуліктен астам уақыт бойы жүр­гізілді. Жергілікті мамандарға ки­нологтер мен нұрсұлтандық құтқарушылар көмекке келді. «СЕВКАЗЭНЕРГО» басшылығы марқұмды жерлеу шығындарын өз мойнына алды. Сондай-ақ от­басына тұрғын үймен қамтамасыз етіп, 5 жылдық еңбекақысы мөл­шерінде материалдық көмек көр­сететін болды әрі баласын оқыту ақысын да жұмыс беруші төлемек. Бұл мұржа 1961 жылы пайда­лануға берілген. «СЕВКАЗ­ЭНЕР­ГО» АҚ баспасөз қызметінің мә­ліметінше, мұржа 2017 жылы күр­­делі жөндеуден өткізілген. Та­лап бойынша, мұржаның жағ­дайы 5 жылда бір тексерілетін кө­рінеді. Апат себептері әлі белгісіз. №2 жылу-электр стансасының бұдан басқа тағы екі мұржасы бар. №2-шісі 1965 жылы, №3-шісі 1977 жылы пайдаалануға берілген. Олар соңғы рет 2018 жылы тек­серіліпті. Кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметінше, олардан төніп тұрған қауіп жоқ. Апат болған күні Петропавл қаласы жылусыз және ыстық су­сыз қалды. Мәселені ел Прези­ден­­ті мен облыс әкімі өз бақы­лауына алып, тез арада қаланы жылумен қамтуды тапсырған болатын. Солтүстік Қазақстан об­лыстық Энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасының мәліметін­ше, қазір бес қазандық жұмыс істеп тұр. Апаттың себеп-салдарын зерт­теу үшін облыстық әкімдіктің, Төтенше жағдайлар министр­лі­гінің, басқа да құзырлы ведом­стволардың қызметкерлері және энергетика саласының жоба­лау­шылары мен мамандарынан жұ­мыс комиссиясы құрыл­ды. Оқиға орнында энергетика вице-ми­нистрі бастаған комиссия жұмыс істеп жатыр. Солтүстік Қазақстан облыс­тық прокуратурасы №2 жылу-электр орталығының директоры мен бас инженеріне қатысты «Мін­деттеріне адал қарамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер Петропавл қалалық Полиция басқармасының тергеу изоляторына қамалды. Тергеу барысы облыс прокуроры мен По­лиция департаменті бастығы­ның бақылауында. Облыстық прокуратура бақылаушы орган­дар­дың қызметіне талдау жүргізіп, оның нәтижелері бойынша жа­уапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне баға бермек. Оқиға орнына келіп жеткен «Орталық Азия Электр­энер­гети­калық корпорациясы» АҚ дирек­торлар кеңесінің төрағасы Алек­сандр Клебанов петропавлдық­тардан кешірім сұрап, бұл апат күт­пеген жерден болды деді. Тіп­ті, мұржаның құлауына қатты жел себеп болуы мүмкін дегенді де айтты. Айта кету керек, «ПАВ­ЛОДАРЭНЕРГО», «АСТАНА­ЭНЕРГОСБЫТ» және «Ақмола электр желісін үлестіру компа­ния­­сы» АҚ секілді «СЕВКАЗ­ЭНЕР­ГО» да «ОАЭК» АҚ компа­ниялар тобына кіреді. Акция­ла­рының 47 пайызы Александр Кле­бановқа, тағы 47 пайызы Сер­гей Канға, қалған 5-6 пайыз­дайы «Бәйтерек ҰБХ» АҚ-ына тиесілі.

Солтүстік Қазақстан облысы