Соңғы жылдары ел нарығында ұрланған автокөліктердің көбейіп бара жатқаны жайлы жиі айтылды. Негізсіз әңгіме дей алмаймыз, ресми деректердің өзі бәрін растап отыр. Қолды болған көлік өте көп, басым бөлігі сол күйі табылмай кетеді. Ал құзырлы органдар дәрменсіз отырғандай. Заңсыз бизнестің көзі саналатын көлік ұрлығы жақын арада тоқтайды деу қиын. Енді мәселе қалай шешілмек, сарапшылар не айтады? Алдымен есепке жүгінсек. Ішкі істер органдарының ресми дерегі бойынша, елімізде 1993 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта 75 мың көлік қолды болған. Оның 40 мыңы соңғы 15 жылдың еншісінде. Ал 2017-2020 жылдары 5,5 мың автокөлік ұрланыпты. Қызығы сол, осы 5,5 мың темір тұлпардың 2 мыңы ғана табылып, иелеріне қайтарылған. Яғни, жалпы ұрлықтың 37 пайызы ғана ашылған. Басым бөлігі, яғни 63 пайызы сол күйі із-түзсіз кеткен. Былтыр да ұрлық аз болмады. Әсіресе, автобарымта Алматы қаласында қызған. Мәселен, былтыр шаһарда бар болғаны 6 айдың ішінде 106 көлік ұрланыпты.
Одақ оңдырмады
Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігі көлік ұрлығы кең тараған, сол қылмысқа оңтайлы аймағына айналып үлгерді. Осында «Егіз машиналар» деген ұғым қалыптасты. Мәселен, біреу жаңа көліктің шанағындағы сериялық нөмірін көшіріп алады. Кейін дәл сол маркадағы, дәл сол түстегі ұрланған машинаға баса салады. Міне, белең алған схема. Бір елде бір сериялық нөмірмен осы тәрізді екі көлік жүруі мүмкін. Мұндай көліктер қазір ішкі нарықта да, Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде де оңай сатыла береді. Ал көліктің заңды иесінің құқығы тапталып жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Былтыр Парламент Мәжілісінің қабырғасында осы мәселе айтылған болатын. Депутаттар сол кезде елімізде ұрланған көліктердің барлығы жоғарыда айтқан «егіз машиналар» әдісімен ТМД елдеріне сатылып жатқанын сөз етті. Шекара ашық, мүмкіндікті пайдаланып ұрлықшылар бір елден келесі елге көліктерді сапырылыстырып жөнелтеді. Бірақ құзырлы органдар қылмысты ашып, өзге елде жүрген автокөлікті тапқанымен, оны өзімізге қайтару қиын екенін айтқан. Бұл процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Мысалы, ТМД-ның өзге мемлекеттерінде 2005 жылдан бері ұрланған 200-ден астам ғана қазақстандық көлік әрең табылған. Оның тек 30 пайызы қайтарылыпты. Сол жиыннан кейін Парламент «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге» өзгерістер енгізетін хаттаманы ратификациялады. Хаттамаға Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Молдова, Беларусь және Қырғыз Республикасы қол қойған. Содан соң Ішкі істер министрлігі халықаралық құжат ұрланған көліктердің саудасына тосқауыл қоятынын жария етті. Алайда шаруа мұнымен тынған жоқ, құжат сұғанағы бар қолдарға қолбайлау болмапты. Себебі хаттама ұрланған автокөліктердің шын иелерінің құқығын қорғап, көлікті қайтарып беруге ғана бағытталған. Ал әр көліктің бөлшектерінен құрастырылған «франкенштейн», конструктор-көліктер, кепілде тұрған, тұтқынға қойылған не иелері қайтыс болған автокөліктердің айналымына қатысты мәселелер шешілмеген. Ол аздай, заңда да біраз олқылықтың шеті көрінеді. Темір тұлпардың көрші елдерде есепке қойылғаны заң жүзінде таза екенін білдірмейді. Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі «Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» №341 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі бері отандық нарықта криминалды тарихы бар автомобильдер қаптаған. Яғни, 2018 жылғы 25 мамырдан бастап автокөлікті есептен шығарғанда немесе қайтадан есепке қойғаннан кейін нөмірлік агрегат тексерілмейтін болды. Ешкім тексермейді, осылай бәріне жолды ашып бердік. Енді осы тақырып төңірегіндегі тағы бір проблеманың шеті шығып тұр. Таяуда Vesti.ua басылымы кейбір ресейлік сарбаздар Украинаның өз бақылауына алған аймақтарындағы автокөліктерді Ресейге айдап кетіп жатқанын жазды. Украинаның жергілікті басқару органдары ресейліктер тартып алған автокөліктер тізімін жариялап жатқан көрінеді. Ал бізге қандай қауіп бар? Осылай қолды болған темір тұлпарлардың кейбірі ертеңгі күні еліміздің нарығына келе қалса, таңғалмаймыз. Шекарадан көрінген көк аттының оңай өтетінін онсыз да білеміз. Осы тұста шекарадағы тексерісті де күшейткен жөн тәрізді. Себебі еліміздің шекара аумағында жекелеген адамдарды тексеру процесі жақсы жетілген. Алайда көліктер оңай өтеді. Әр көліктің сериялық нөмірін тексеріп, тарихын зерделейтін арнайы жүйе қаралмаған. Ұрланған көліктер жайлы мәліметтер базасы шекарашыларда болмайды. Соның кесірінен ұрланған көлік елден-елге еркін шарлап жүр.Айланың алдын алар амал жоқ па?
Кез келген автокөліктің 17 белгіден тұратын VIN коды болады. Темір тұлпардың толық дерегі сол арқылы ашылады. Ұрылар үшін осы код оңтайлы тұс болып тұр. Деректі қолға түсіру арқылы қалағанын істейді. Көбіне ел арасынан көлік ұрлаушылар қылмысын тікелей полиция қызметкерлерімен ұйымдасып іске асыратыны туралы көп естиміз. Жоққа шығаруға болмас. Өйткені жаңағы айтқан көліктердің сериялық нөмірлер базасы тек ішкі істер органдарының базасында тұрады. Ал оны кім таратқанын білу шынында да қызық. Енді біз айтып отырған көлік ұрлығы да осы VIN код арқылы шешілер еді. Мысалы, автосарапшылар қоғамдастығы мынадай ұсыныс айтып жүр: Қазақстанда тіркеуге қойылған автомобильдердің VIN кодтарының ортақ деректер базасын жалпыға немесе сарапшыларға заңды түрде қолжетімді ету қажет. Қазір елде бірінші рет тіркеуге қойылғанда ғана код тексеріледі. Одан кейін не болып жатқаны беймәлім. Көлік иесі өз бетінше тексере алмайды, сатып алған адам да жағдайды білмейді. Сондықтан осындай ұрланған көліктер қаптап жүруі мүмкін. Сарапшылар әр 5 мың көліктің орта есеппен 100-і (2 пайызы) бұрын қолды болғанын айтады. Автосарапшы Еркебұлан Сағындықов та кодтарды қолжетімді қылмаса, проблема «баяғы жартас» күйінде қала берерін айтып отыр. – Билік органдары мүдделі тұлғаларға елдегі көліктердің VIN кодтарын заңды түрде дерек ретінде қолжетімді еткені абзал. Сонда кез келген сатып алатын автомобильдің тарихы ашылады. Шанақтың нөмірі бойынша машина туралы мол ақпарат жинаған соң бәрі қауіпсіз жүзеге асады. Сатып алушы әуреленбейді, соңы дауға ұласпайды. VIN кодтарға қатысты сұралатын ақпаратты ашық ету арқасында қазақстандық нарықтан криминалды және ұрланған автомобильдерді ысырып шығаруға жол ашылады. Көлік тарихы дұрыс емес екенін біле тұра тездетіп сатып, құтылуға тырысатын алыпсатарлардың жолы кесіледі. Соның арқасында қандай да бір көліктің тарихы жөнді емесін білген адам лезде ішкі істер органдарына хабарлайды, – дейді маман. Иә, осы амал арқылы құқық қорғаушылардың да жұмысы жеңілдегендей болар еді. Әзірге кодтардың базасы ашық емес. Бірақ көлік ұрлағандарды ұстаған күннің өзінде жаза да тым жеңіл секілді. Қылмыстық кодекстің 200-бабында автокөлікті заңсыз айдап кеткені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл баптың 1-тармағы бойынша қылмыскерді 2 жылға дейін ғана жазаға тартуға болады екен. Ал 188-бап бойынша өзгенің мүлкін ұрлау болып саналса, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығы шектеліп немесе сотталады.ТҮЙІН:
Автомобиль ұрлығы – заңсыз қыруар ақшаның көзі болып тұрғаны сөзсіз. Көлік жайлы мәліметтер базасы қолжетімсіз дейміз, бірақ ұрлық ететіндерге оны білу қиын емес сыңайлы. Яғни, көліктердің табылмауына ішкі істер органдары жұмысының шикілігі мен тым баяу болуы да себепші. Ал ұрланған, сол күйі табылмаған мыңдаған көліктің иесі мүлкінің ақысын кімнен сұрайды?