Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға қалай әсер етеді? Әзірге нақты жауап беру қиын. Алайда қазірдің өзінде санкциялардың кері әсері байқала бастады. Бері айтқанда отандық дүкен сөрелерін көрші елден келген азаматтардың «үптеп» кету қаупі жоқ емес. Импорт пен экспорт бағытында да күрделі жағдай қалыптасуы мүмкін. Қысқасы, теріскейден ескен «желдің» ызғары қатты болып тұр. Бұл сұраққа жауап беру үшін ең әуелі Қазақстанның экспорт-импорты маршрутына көз сала кетейік. Қазір біздің экспорттық тауардың 54 пайызы Еуроодақ, Швейцария, Украина және Ресейге жөнелтіледі. Оның ішінде мол қаржы әкелетін негізгі өнімдер – мұнай, газ және металл РФ аумағы мен порттары арқылы өтеді. Ал астық экспортының 90 пайызы Орта Азия мен Қытайға шығатындықтан, бұл секторға санкцияның әсері шамалы. 2021 жылы Қазақстан экспорты 60 млрд долларды құрады, бұл ЖІӨ-нің 35 пайызына тең. Сондай-ақ энергетика, көлік, құрылыс, сауда сияқты ішкі өндірістің тағы осыншама үлесі экспортты қамтамасыз етуге бағытталған. Ал импорт 40 млрд доллар шамасында (ЖІӨ 23 пайыз). Бұл дегеніңіз, ел ішінде өндірілетін тауарлар мен қызметтің дені импорттық жабдықтарға, материалға немесе құрамдас бөлшектерге тәуелді екенін білдіреді. Одан бөлек, импорттың 45 пайызы тікелей Ресейден келетіні өз алдына, сырттан тасымалданатын тауардың төрттен үш бөлігі тағы да сол терістіктегі көршінің аумағы арқылы өтеді. Экономист Қайырбек Арыстанбеков Ресейге жарияланған санкцияларды алдымен екіге бөліп қарастыру керегін ұсынды. «Батыстың Ресейге салған санкцияларын екі топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – тікелей тұншықтыратын санкциялар, яғни экономиканы бірден құрдымға кетіретін бұғаттаулар. Яғни, әлемнің барлық пұшпағында РФ активтерін бұғаттау мәселесі. Екіншісі – 2-3 айда әсер ететін санкциялар. Біздің Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банк санкциялардың осы екі түрін ескере отырып, дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірлеу керек еді. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі мұнай бағасына сеніп отыр. Бұл – дұрыс емес. Ертеңгі күні батыс елдері Ресейдің мұнай-газ өнімдерінен бас тартар болса, онда Қазақстан экспортының біраз бөлігі құлайды. Мәселе – осында. Осыған байланысты санциялардың екі түрінің де соққыларына төтеп беретін шаралар қажет», – дейді ол.
Тауар тапшылығын туындатты
Әлбетте, антиресейлік санкциядан ең алдымен РФ аумағында жұмыс істеуге маманданған қазақстандық бизнес зардап шегеді. Ал Ресейге санкциялық қысым неғұрлым қатая түскен сайын оның әсері Қазақстанда да соғұрлым үдей бермек. Сарапшылар оның шырқау шегі 2022 жылдың екінші және үшінші тоқсанына сәйкес келуі мүмкін екенін айтады. Тіпті, оның алғашқы әсерін көріп те үлгердік. Рубль құлдырап еді, онымен бірге біздің теңге де шатқаяқтап қалды. Артынша импорттық тауарлардың құны өсіп кетті, әсіресе шетел валютасына байланған өнімдер күрт қымбаттады. Сондай-ақ ірі шетелдік компаниялардың нарықтан кетуі Ресейдің өз ішкі өндірісін шектеуге мәжбүр етті. Мәселен, импорттық құрауыштардың тапшылығынан қазірдің өзінде РФ-дағы автомобиль зауыттарының жартысынан астамы тоқтап қалды. Сол себепті оның Қазақстандағы сатылымы күрт кеміді. Бұл біздің автоөндірісшілерге де теріс ықпалын тигізді. Жалғыз автоөндіріс қана емес, санкцияның кесірінен Ресей нарығынан көптеген басқа да ірі компания кетті, олардың өндірісі тоқтады, яғни жақын күндері тауардың жаңа партиясы болмайды. Ал қазақстандық дүкен сөрелеріндегі тауарлардың көпшілігі импорттық өнімдер екені белгілі, ол біздің елге РФ арқылы жеткізіледі. Тағы бір мысал: жақында көптеген өңірде қант жоғалып кетті. Sugar.ru-дың Кедендік одақ туралы сараптамасына үңілсек, 2021 жылы РФ-ға 152,6 мың тонна қант жеткізілген, оның негізгі экспортшылары – Беларусь (73,57 пайыз) және Алжир (7,21 пайыз). Ақпан айында Беларусь қант экспортына шектеу қойды, соның салдарынан РФ-ның Қазақстанға экспорттайтын қант көлемі азайды. Сондай-ақ Кедендік комиссия 2022 жылдың 31 тамызына дейін дәнді-дақылдарды ЕАЭО кеңістігіне және қант пен қант шикізатын үшінші елдерге шығаруға тыйым салды. Мұның бәрі ішкі нарықта дүрбелең туғызды.Дүкендерді жаппай «талауға» көшті
Бұл рубльдің бірінші рет құлдырауы емес. Ресей Қырымға басқыншылық жасаған кезде – 2014 жылдың соңы мен 2015 жылдың басында дәл осылай орыстың ақшасы құлап, біздің нарықты ресейлік арзан тауарлар жаулап алған. Тіпті, қазақстандықтар РФ-ға жаппай қатынап, көлік, тұрмыстық заттар мен жиһаздар сатып ала бастаған. Бұл, әрине бір жағынан қарапайым адамдар үшін жақсы, баға арзандайды. Бірақ отандық өндіріске зиян. Осы уақытта 9 айдың ішінде түрлі сарапшылардың айтуынша, ел аумағынан 30-40 млрд доллар ақша шығарылған екен. Міне, тағы сондай жағдай қайталануы мүмкін. Сондықтан да Үкімет отандық өндіріске зияны тимейтіндей, бизнесті ынталандыратындай қадамдарға батыл баруы тиіс. Ең бастысы, капитал сыртқа кетпеуі тиіс. Бірақ, әзірге антиресейлік санкцияның екінші қыры бел алып тұр: РФ-ға сырттан келетін импорт тежелді. Осы жетіспеушілікті толтыру үшін енді керісінше ресейліктер қазақстандық дүкен сөрелеріндегі азық-түліктен бастап техника мен басқа да мал-мүлікті жаппай сатып ала бастаған. Ал ресейліктер «тонап» кеткен тауарлардың орнын толтыруға өзіміздің ішкі өндірістің қуаты жетпейді. Айта кететіні, ресейліктердің қазақстандық тауарларды жаппай сатып алып жатқаны жақсы. Бірақ бар мәселе – біздің тауарды олардың қандай ақшаға сатып алатынында. Егер ол үшін доллар алатын болсақ, ол басқа әңгіме. Яғни, ішкі капиталымыз көбейеді. Ал егер оны «ағаш ақшаға» айналып бара жатқан рубльге сататын болсақ, дәл қазіргі жағдайда оның әлемде ешкімге керегі жоқ. Сондықтан әзірге рубльдің курсы тұрақтағанша, онымен сауда операцияларын жасауға тыйым салған жөн. Бұл енді Үкімет, Ұлттық банк, Сауда министрлігі бірлесіп қабылдайтын шешім. Сарапшылардың пікірінше, бұл Ұлттық банктің рубль/теңге қатынасын 5-6 теңге дәлізінде ұстап тұруымен байланысты көрінеді. Яғни, мұндай жағдайда терістіктегі көршіміз дүкендерді тұтас тік көтеріп көшіріп әкетуін тоқтатпайды.Отандық өндірісті қорғау қажет
Экономист Рахман Алшановтың айтуынша, әзірге жетіспеушілікке ұрындыратындай алғышарттар жоқ. Бірақ ресейліктер рубльді теңгеге айырбастап, тауар сатып алуын тоқтатпаса, ертең тапшылық туындауы әбден мүмкін. «Өз экономикамызды қорғау үшін рубльді теңгеге айырбастауға тыйым салу қажет. Беларусь жаппай конвертациялаудан қашып, қазір рубльді қабылдамайтын болды. Бізге де солай жасау керек. Мұндай алмағайып заманда ол дұрыс қадам. Ол үшін Қазақстанды ешкім кінәламауы тиіс»,– дейді экономист. Әйтсе де, атқарушы билік өңірлерде азық-түлік тапшылығы жоқтығын айтады. Тұрмыстық техникаларды сататын ірі сауда желілері де қоймаларының толып тұрғанын, тапшылық болмайтынын айтып сендіруде. Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттіктің мәлімдеуінше, тапшылықтың алдын алу үшін қазір ірі өндірушілермен және жабдықтаушылармен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Қазір ең бастысы – ұлттық экономиканың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтап қалу. Ал енді осынау тағдыршешті кезеңде Үкімет инфляцияны тоқтата алмаса, бұған дейін қабылдаған барлық әлеуметтік шаралардың текке кететін түрі бар.