Президенттің Қаңтар қасіреті туралы кітабы жарық көрді
Президенттің Қаңтар қасіреті туралы кітабы жарық көрді
Фото: Берік Уәлидің Facebook-тағы парақшасынан алынды.
379
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы атқарған қызметі туралы "Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін" атты үштомдық жинағы жарыққа шықты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тағы парақшасында жазды.

Аталған жинақта Мемлекет басшысының ішкі саяси іс-шараларда, шетелде өткен жиындарда сөйлеген сөздері және оның отандық, халықаралық мәселелерге қатысты үндеулері мен мәлімдемелері қамтылған. Сонымен қатар кітапқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021-2022 жылдардағы Қазақстан халқына арнаған жолдаулары енді. 2021 жылы Қазақстан COVID-19 пандемиясының салдарын жоюға, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсімін қайта қалпына келтіруге баса мән берді. Бұл Президенттің жұмыс кестесінен де анық көрінді. Жинақтың бірінші томына Мемлекет басшысының 2021 жылғы наурыз бен желтоқсан аралығында еліміздің және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне қатысты кеңестерде, Үкіметтің, Қазақстан халқы ассамблеясының, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында, «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңесте және басқа да жиындарда сөйлеген сөздері топтастырылды. Бұдан бөлек Президенттің мемлекеттік мерекелер мен қоғамдық маңызы бар атаулы күндерге байланысты құттықтаулары енгізілді. Әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын ерекше атап өткен жөн. Екінші том 2022 жылдың қаңтары мен наурыз аралығын қамтиды. Аталған кезең еліміздегі «Қасіретті қаңтар» оқиғасымен ерекшеленді. Мемлекет басшысының ерік-жігері мен батылдығының, сондай-ақ барша отандасымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында еліміз осы ауыр сынақты еңсере білді. Бұл жинақта Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғасына қатысты халыққа арнаған мәлімдемелері мен үндеулеріне, сондай-ақ «Хабар» және Qazaqstan телеарналарына берген сұхбатына айрықша назар аударуға болады. Сонымен қатар екінші томға Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты наурыз айындағы Жолдауы енді. Бұл Жолдауда көтерілген негізгі мәселе – ауқымды реформалар мен Жаңа Қазақстанды құру. Әлемде болып жатқан саяси және әлеуметтік тенденциялар мен оқиғалар Қазақстанның халықаралық аренадағы қызметін жандандыра түсті. Мемлекет басшысының өткен жылғы жұмыс кестесі ауқымды болды. Үшінші жинаққа Президенттің ірі форумдарда, сондай-ақ жақын және алыс шет елдерге жасаған сапарларында сөйлеген сөздері енді. Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Тәжікстан, Корея Республикасы, Ресей Федерациясы, Түрікменстан, Бельгия мен Швейцарияға сапармен барды. Бұдан бөлек Президент Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VIII саммитіне қатысу үшін Түркияға барды. Мемлекет басшысының БҰҰ Бас ассамблеясының отырыстарындағы және осы жаһандық ұйымның басқа да іс-шараларындағы бейнебайланыс арқылы сөйлеген сөздері де аталған жинаққа топтастырылды. Сондай-ақ бұл томға Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайын өтетін халықаралық іс-шараларда сөйлеген сөздері енгізілді. Атап айтқанда, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес, Ашхабад қаласында өткен Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі, Душанбе қаласында өткен ҰҚШҰ мен ШЫҰ отырыстары. Бұдан бөлек Президенттің Essentiel des Relations internationales журналына және ресейлік белгілі журналист және тележүргізуші Леонид Млечинге берген сұхбаттары, Президенттің The Parliament журналында жарияланған Partnership with the EU will anchor Kazakhstan’s future progress мақаласы енді. Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Кемелұлының бір жылғы қызметінің қорытындысы ретінде осы жинақты оқырмандарға ұсынып отыр. Сондай-ақ жинақта Мемлекет басшысының қатысуымен өткен іс-шараларда түсірілген суреттер берілді. Кітапта жарияланған материалдарды қызығушылық танытқан зерттеушілер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін құнды әрі пайдалы құжат деп санаймыз.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының сөйлеген сөздері осымен үшінші жыл жинақ болып шығып отыр.