Ресей ядролық бомба қолданады: АҚШ әскери дайындығын күшейтті
Ресей ядролық бомба қолданады: АҚШ әскери дайындығын күшейтті
© AP Photo / Spc. Hubert Delany III/U.S. Army
Ақ үй басшылығы ұлттық қауіпсіздікке жауап беретін шенеуніктер командасын жинап, Ресей президенті В.Путин химиялық, биологиялық және ядролық қаруды қолданған жағдайда қандай стратегиялық қорғаныс жасайтынын жоспарлады. Бұл жайлы The New York Times хабарлады. Басылымның жазуынша, АҚШ та Ресей соғыс бастағаннан бері қызу әскери және қорғаныс дайындығын күшейткен. 28 ақпаннан бері "жолбарыс командасы" үзбей дайындық жасап жатыр. Бұлар – жау әскері қауіпті қару түрін қолданған сәтте іске көшетін стратегиялық команда. Сондай-ақ АҚШ әскері Ресей НАТО аймағына басып кірсе, қалай жауға қарсы тұрарын да пысықтап қойған көрінеді.
"Шенеуніктер Ресей Молдава мен Грузияға басып кіруге ниетті ме әлде жоқ па – оны да бақылап отыр. Әзірше ондай қауіп жоқ", – деп жазады басылым. "АҚШ президенті Джо Байден украина территориясында соғысуды мүлде қаламайды. Тіпті, соғыс туралы айтқысы келмейді де. Мұның арты Ресеймен тікелей конфронтацияға алып келеді деп қауіптенеді", – деп жазады басылым.
Америка шенеуніктерінің айтуынша, Путиннің ядролық бомбаны жаруы екіталай. Бірақ Ресейдің қайта-қайта ядролық қару жайлы айта беруі – жақсылық емес.
"Сондықтан Вашингтон жоғары әскери дайындықта болуға мәжбүр", – деп түсініктеме берген шенеуніктер.