Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігері мекеме ішінде маска тағу талабының күшін жоятын қаулыға қол қойды. «Қазақстан Республикасындағы коронавирус инфекциясының профилактика шаралары туралы» Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2022 жылғы 25 наурыздағы № 16 қаулысына қол қойылды. Осы қаулымен «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирус инфекциясы ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» 2022 жылғы 14 наурыздағы № 12 қаулының күші жойылды. Жаңа қаулыға сәйкес: - маска кию міндетті болып табылатын медициналық ұйымдарды (персонал, қызметкерлер, пациенттер, келушілер) қоспағанда үй-жайларда міндетті түрде маска кию алынып тасталды. Сондай-ақ халық көп жиналатын орындарда, қоғамдық және әуе көліктерінде, ұйымдасқан ұжымдарда медициналық масканы пайдалану ұсыным сипатында қалдырылды; - объектілерде санитариялық-эпидемиологиялық режимді сақтау бойынша ерекше талаптар алынып тасталды. Қаулының толық мәтіні Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында жарияланған.