Республикалық балаларды оңалту орталығына кондитерлік өнім жеткізген кәсіпорынға айыппұл салынды
Республикалық балаларды оңалту орталығына кондитерлік өнім жеткізген кәсіпорынға айыппұл салынды
176
оқылды
Нұр-Сұлтанның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «UMC» корпоративтік қорының Балаларды оңалту ұлттық орталығында кондитерлік өнімнен тышқанның шыққанына байланысты аталған өнімді өндіруші мен жеткізушінің үстінен жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «University Medical Center» корпоративтік қорының Балаларды оңалту ұлттық орталығында кондитерлік өнімнен бөгде материал (тышқан) шыққанына байланысты аталған өнімді өндіруші мен жеткізушінің үстінен жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін хабарлайды. Тексеру кезінде ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіру цехы тиісті орындарға өзінің қызметін бастағаны туралы хабарламастан қызметін жүзеге асырғандығы анықталды. Санитариялық қағида талаптарының, оның ішінде тамақ өнімдерін өндірудің технологиялық процесі бойынша бірқатар бұзушылықтар анықталды», - делінген департаменттің дерегінде.
Департамент мамандары анықтаған заңсыздықтар бойынша кәсіпкерлік нысан Әкімшілік құқық бұзу кодексіндегі 425-баптың 1-бөлігі бойынша 352 245 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Ал кәсіпорынның қызметін бастағаны туралы хабарламағаны туралы материалдар Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 463-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа жіберіліп, санитариялық нұсқама берілген.