Ол сүмірейіп, сүметіліп, сіңірі тартылып, сіркесі су көтермей, сілікпесі шығып, санасы суланып, сағы сынып, сормаңдай, сорлы болып, матрацы мен ақ жаймаларын көтеріп, түрменің төрт адамдық камерасына кіріп келгенде, үш зек оған бажырая қарасты. Күзетші камера есігін сатыр-сұтыр жауып кеткенде барып, ол селк ете қалды. Карта ойнап отырған үшеуге имене қарап, тілін жалап, басын изеді. – Сен кімсің? –деп сұраған семіз зек орнынан тұра берді. – Мәсімовпін. – Кәрім Мәсімов? – Кәрім Мәсімовпін. – Қой-ей? –деп қалды арықтау келген екіншісі орнынан түрып. – Шынымен Кәрімовсың ба? – деп сұрады үшіншісі ыржалақтап. – Шынымен Кәрімовпын. – Ұқсайсың. – Тошына өзімін. Семіз зек оны қарнымен бір соқты. Сосын, көздерін атыстырды. Кәрім Мәсімов болса, мұртын жыбырлатты. – Неғып жүрсің? – деп сұрады семізі. –Жәй, қыдырып... – деді Мәсімов. Басқа не десін? –Қандай статья, қандай тармақ, қандай бап? – Жігіттер, мазам жоқ, – деген ол матрацын кереуетке жая бастады. – Мынау шынымен Мәсімов! Құдайымыз берді! Бұрынғы премьер министр! Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімов қой! – деді көздері қылиланған арықтау денесі бар, мұрны пұшық сотталушы. – Бұл сатқын! Бұл ұры! Бұл–жексұрын! – деді үшіншісі Мәсімовтың құйрығына бір теуіп жіберіп. Мәсімов қайқаң ете қалды. Мұрты жыбырлап, былай деді семіз зекке сыбырлап: – Кешіріңдер, бұрынғы премьердің артынан тебуге болмайды. Мен шағымданамын... – Өй, сен кімдердің артынан теппедің? Мынау өзі ноқалай ма деймін? Шағымданбақ! «Паханның» үстінен! –деген семіз зек оның ішіне бір тепті.. Мәсімов жылап қалды. Ызадан жылады. Бұрын кім еді? Мә-сім-ов болатын. Енді келіп, «какой-толар» артынан теуіп жатыр. Масқара болды, Мәсімов! Қор болды, Мәсімов... – Неге жылайсың? Сен премьер болып тұрғаныңда, халықты қан жылатқаның есіңде ме? Сен халықтың несібесі арқылы байып алдың! Жылама деймін! – Мені ұрмаңдаршы.... асқазаным ауырады... – деді Мәсімов өксіп. – Өтірік айтып тұрсың! Сенің асқазаның тас қазан! Сен не жемедің? Жұта бердің, жұта бердің, жұта бердің! Енді қақалып отырсың! – деген арығы арқасына жұдырығымен түйіп жіберді. Мәсімов масқара болды. Одан сайын еңіреді. – Сораңды ағызба деймін! – Өтірік жылап отыр. – Әперист қой! – «Көп асқанға – бір тосқан» деген осы! – Темекі тартасың ба? – Жоқ, насыбай атамын. – Мынау тағы өтірік айтып отыр! – деген үшіншісі оның бетінен тістеп алды. Мәсімов масқара болды! Еңіреп жылады. Кешіріңіз, дәл осылай елестетіп отырмын. Қалай елестетсем де, өз еркім емес пе? Өйткені, қаңтар қасіреті кезінде билікті басып алмақ болған Мәсімов те, байып алудың неше түрлі жолдарын елестетіп, соның шыңына шықты емес пе? Қараңыз, Кәрім Мәсімовтен 11 қымбат көлік, 2,5 млрд теңгелік қонақ үй, зәулім сарайы, қысқасы, бар байлығы тәркіленді. Масқара болды, Мәсімов! Астанадағы, Алматыдағы төрт элиталы пәтерлері мен Щучинск – Бурабай курорттық аймағындағы, көл жағасындағы бір гектар жер учаскесін айтсаңшы! Пәтерінен 17 миллион АҚШ доллары шығыпты! Не деген, тойымсыз едің, Мәсімов! Біз саған кезінде қалай сеніп келгенбіз? Екі рет премьер-министр, Президент әкімшілігінің басшысы, ҰҚК төрағасы болдың, ұят жоқ екен, сенде Мәсімов! Бетің қалың екен, Мәсімов!
АРА