Бастық боп байысам, шіркін!

Бастық боп байысам, шіркін!

Табан астында танысы кездесіп қалды. Ауыл шетінде тұратын кластасы­ның үйінен келе жатқан беті екен. Танысына тентектеу мінезімен мен­сінбей қараған Молдияр: – Құдай қаласа, таныстарым жараса, осы ауылдың әкімі болайын деп тұрмын!–деді.Танысы Құдиярдың таңдайы тары­лып, тілін жұтып қоя жаздады. Молдиярға тесіле қарады. – Не, әкім бола алмаймын ба? Бұрынғы әкім Болаттан қай жерім кем? –Жоға, салған жерден әкім боламын дегеніңе таң қалып тұрмын. – Жоғары оқу орнын бітірдім, бірақ әлі жұмыссызбын. Сондықтан, бірден әкім болсам деймін де. Айлығым алақанымда, абыройым аспанымда... – Жұрттың бәрі бастық болса, қара жұмысты кім істейді? – Сонда дипломым бола тұра, ауылда трактор айдап жүрейін бе? Көріп тұрсың, қарын бар, дарын бар, бастық болсам деген ерекше сарын бар! – Әй, әкім, мұнда отыр,  – деді Құдияр жалпақ тасты нұсқап. Өзі де отыра кетті. – Ия, не демекшісің? – Президенттің  не дегенін білесің бе? Қазіргі жастар жалқау, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді деді. Ал, сен болсаң, бірден әкім бола салғың келіп тұр. Мамандығың мұғалім. Атырауға бар, мектептерге ұстаздар жетспейді екен. – Өй, сен де данышпан бола қаласың. Жүрейін сол, балалармен миымды ашы­тып... Әкем ауданға кетті. Танысының тамырын басып көреді. Сәтін салса, әкім болып шыға келемін. Сол кезде көрер едім, жалпақтап, алдыма келесің. Қайта қолдау көрсетудің орнына, қай–қайдағыны айтып кеттің ғой. Әкім боламын ба, боламын! Мен о баста әкім болып туылғанмын. – Ренжіме досым, мен саған еш­қашан жағымпазданбаймын. Шынында, күндердің күнінде Мол­дияр әкім болды. Әкім болған күннен бастап, даңғойлыққа, парақорлыққа жақын болды. Достарының өзімен сәлемдескенде, саусағының ұшын ғана беретін болды. Миына: «Қалай байысам екен?» – деген арам ойлар келетін болды.  Бұрын жерде жатып жүрген ол, су жаңа диван сатып алып, сонда ұйықтайтын болды. Арызын ала келген халықтың аузын жауып, бюрократиямен тұйық­тайтын болды. Ақырында, біреу­ден пара аламын деп, аяғы аспаннан келді! Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Расында, қазіргі жастардың дені  бірден бастық болсам, астымда шетелдік көлік болса, анау болса, мынау болса деп армандап кетеді. Белгілі сарапшының пайымдауынша, Қазақстандық жастар­дың отыз бес пайызы бастық болуды армандап, қиялын қиярдай турайды екен. Олар мемлекеттік бағдарлама­лардан мүлде бейхабар, айдалада аспанға қарап, жұлдыздарды санап жүрген сияқты. Ал, бүгінде Нұр-Сұлтан, Ал­маты, және Шымкентте  «Еңбекпен қамтудың мобильді орталығы» атты жоба жұмыс істеп келеді. Дипломды жастар онда бара бермейді, бірден бастық болып, креслода шалқайып отырулары керек. Жастар қазіргі таңда қат болып тұрған, болашақта зор сұранысқа ие болатын мамандықтарға бас қатырғысы да келмейді. Бастық болған жақсы ғой. Құрығанда, бір ауылдың әкімі болса ғой, шіркін! Өздеріңіз білесіздер, Президент Қасым–Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңей­тілген отырысында «Кейбір жастар жұмыс істеуден қашады. Ауыр­дың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Өйткені, олар «Бізде адалдық лайықты бағаланбайды» –деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқтардың, жемқор­лардың шалқып өмір сүріп жататынын көріп отыр. Тіпті, соларға қарап, бой түзейтін болды». –деді. Олай болса, жастарға бағыт–бағдар беруді бүгіннен бастайық, ағайын! Әлде, сіздің де, бірден әкім болғыңыз келеді ме?

Лара РАМАН