Құрметті қант, қалайсыз?
Құрметті қант, қалайсыз?
237
оқылды
Ғажайыптан, қантқа тіл бітіп, «Қалайсыз?» арнасы оны студияға шақырды. Шақпақ қанттың бойы бір де, алпыс болып өсіпті, сөйлеу мәнері де, «Ия, іім» дегенге көшіпті. Оның себебі бар, демеңіздер, тәттінің де жолы тар. Мақтай берсеңіз, кеудесін керіп кетеді, болмаса, езіліп, еріп кетеді... Құрметті қанттың дандайсып кеткені мынада, бір кәсіпкер ме, алыпсатар ма, әлеуметтік желіге желімдей жабысып, өтірік ақпармен табысып, «Ойбай, несін айтасын, күндердің күнінде дүкеннен босқа қайтасың, өйкені, Ресей қанттың экспортын өлтіріпті, сөйтіп, біздегі тәттінің үнін өшіріпті!» –деді. Содан, ел еліріп, дүрлігіп кетті. – Ойбай, қант қымбаттайды екен! – Қантты құшақтап жатайық! – Қарын апшса, қант жейміз! – Қантқа сары май жағып, жалаймыз! – Қант  болмаса, өмір ащы болып кетеді! Міне, осындай жынды жаңалықтар  жөнінде құрметті Қант мырзаға бірнеше сұрақтар берілді. – Студиямызға хош келдіңіз, Қант мырза! Қалай­сыз, кәмпит құдағиыңыз, шоколад бажаларыңыз, науат әжеңіз, құм шекер әйеліңіз аман–есен бе? – Ия, ия, Ммм... Немене, олар өліп қалды деп ойлайсыз ба? Құдайға шүкір, осы айда беделіміз билеп,  нарықты табанға салып, илеп, бағамыз шарықтады, бізге қолы жетпегендер, сразым сегіз кило арықтады... – Кешіріңіз, сізді, әйеліңізді жұрт талап алып жатыр. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? – Ммм... Адамдар ақымақ. Ақымақсыңдар сендер. Өсекке сене қаласыңдар! Құдайға шүкір, біздің ұрпағымыз  көп. Біздің елдегі қорымыз тоқсан мың тоннадан асады. Өсіп–жетілген қантпыз. –Бұл ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеді ме? – Қант жемесеңдер іштерің өтеді ме? Жүдә, тәтті құмарсыңдар! Біз ет емеспіз ғой, сасып кететін. Жетеді. Жетеміз! – Сіз қайла туылдыңыз? – Ммм... Зауытта. Әкем– зауыт, шешем– қызылша. Еліміздегі төрт зауыт айына  елу мың тонна қант өндіреді. Неменеге қорқа беретіндеріңе таң қаламын! Еріп кетейін бе осы жерде? – Қойыңыз, сабыр сақтаңыз!–деді жүргізуші. Қант қозғалақтап, мойнындағы қызылша жапы­рағынан жасалған галстугын қозғап қойды. –Әлгіндей дақпырттан кейін жұрт жаппай дүкендерге лап қойып, бір аптаның ішінде бес жүз тонна қант сатылып кетіпсіздер. Бұл қаншалықты рас? –Ия, імм... Айттым ғой, құдайға шүкір, абыройымыз асқақтап тұр. Тіпті етпен, жал–жаямен қатар жүретін жағдайға жеттік. Кезінде бізге жұрт менсінбей қарайтын еді. Жерде шашылып жатсақ, аяғымен басып кететіндер де болатын. Қазір, жерде жатсақ, еңкейіп, көтеріп алып, үрлеп, қолына алып, әлдилеп, бетімізден сүйіп, аса бір құрметпен қалтасына салып алады. – Кешіріңіз, Қант мырза, сізге көрерменнің бірі сұрақ беріп жатыр, жауап бересіз бе? – Ия, іммм. Сұрай берсін... Қант құағын тосты. – Не дейді? –деп сұрады.  Жүргізуші жымиды: – Біз сізді жақсы көреміз. Сізді  қант диабетіне шалдыққандар ғана жек көреді. Сіз неге көңілшексіз? Шәйға салса, еріп кетесіздер? –Сондай да сұрақ болады ма? Ноқалайсың ба, не? Өй, біз сіздер үшін жаралғанбыз ғой! Ерісек, жоқ болып кетеміз бе, не? Шәй арқылы, тосап арқылы сіздің бойыңызда жүреміз! Көңіліңізге шуақ, бойыңызға қуат береміз! Ал, қант диабетімен ауыра­тындар құрметтемесе, атамнан ары!  Қантгершілігім ұстап тұр, әйтпесе, жекпе –жекке шақырар едім. Болды, сұхбат осымен бітті! –деген Қант орнынан ұшып тұрып, кетіп қалды. Құрметті ағайын, қантқа қапа болмаңыз, жалған ақпарат таратқандарға қапа болыңыз! ҚР Сауда және интеграция министрлігі, сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев: «Бағаны себепсіз көтерген кәсіп­керлерді тексеру керек. Бізге арыз түссе, уәкілетті орган барып тексерулері керек. Олар екі күннен кейін бағаны қайта көтерсе, оларға нақты айып пұл салынады», –деді. Олай болса, босқа даурықпайық, ағайын!

Ақмарал ӘБДІРАМАН