Соңы жоқ соғыс
Соңы жоқ соғыс
Үйленгенімізге, бір бірі­міз­ге үйренгенімізге екі жыл­дан асқанда,  түнгі төртте ке­лін­шегім бақайшағына дейін қаруланып, тұтқиылдан ша­буыл жасағаны! Соғыс бастал­ды. Маған деген көңілі тоқы­рап, шашы деген қобырап, сұр жыландай атылып, сөз сөйледі қатырып: – Самат! Неге қорылдай бе­ресің? Бөлек жатшы! – деп қояды ояна кетсем.  Оқты кө­зі­мен атып жатыр, атып жа­тыр. Жараланып қалдым. Бірақ, мен де қарап жатпай, сөз снайпермен қақ маңдайы­нан атып салдым. Ол «Высо­таны» тастай қашты! Төркін деген штабына. Генерал енеме. Екі күн өтті, келмеді, үш күн өтті, келмеді, Бір ай өтті, баламды сағына бастадым! Бітімгершілікке аға – жең­гемді жұмсадым. Кеше СМС хат жібергенмін, артыша енем­нен НОТА келді.  Қызы да вацапқа жазып жіберіпті. Еркек бо­лып, құшақтамайды екен­мін.  Жұмыстан келе сала, тамақ ішіп болған соң, қорыл­дайды екенмін. Иіскемейді екенмін. «Жаныым!» демейтін көрі­немін. Айлығым аз, бай бала­сы болмай шығыппын. Бөлек шықсақ та, өз үйіміз жоқ екен. Құшақтамау деген ажырасуға сылтау ма?  Енем­мен қоса құшақтауға пейілмін ғой! «Адам болып кетейікші» деп, екі жерде жұмыс істеймін. Үйге шаршап келемін. Өмі­рімде, ешкімді иіскеп көр­меппін. «Бір жері тесік емес пе?» – деп газ баллонды иіс­кейтінім болмаса... Миллио­нердің баласы болмағаныма мен кінәлімін бе? Әкем ғой, адал жұмыс істеген. Жұрт сияқты мемлекеттен жымқыр­майды ма? Аға–жеңгем қай­тып келді. Көп нәрсені айтып келді. Сосын, барлаушы ше­шем барып, шырылдады, енем ит сияқты ырылдады. Кеше келіншегіммен онлайн сөй­лес­тім. «Соғысты тоқтатайық, мен жеңіле салайын, Пленге түстім!» – дедім. Ол вацапта бомба жарды. Ракета, танк, зеңбірек, автоматтың смай­ліктерін жіберді. Мен керісін­ше, күннің,  жалаудың, қол қысысқанның, еріннің, жү­рек­тің смайліктерін жіберіп едім, ол жылаған смайлігін салып жіберіпті. Көнер емес. Соғыс әлі аяқталмапты. Мен оның авадағы суретіне қарап жатып,  көзіме жас келді. Біз сияқты жастар болмайтын нәрсеге бола ажырасып жата­ды. «Баламды тірі жетім еткім келмейді!»–деп, жалдамалы пәтерде тыпыршып жаттым. Жоқ, еркек жыламайды! Ма­ған одақтас бір келіншекті танитын едім, ертең оның «махаббат базасын» жүрегіме жақын орналастырамын! Әлде, әйеліммен тағы да диа­лог жүргізіп көрейін бе? Қалай ойлайсыздар?

Мұхтар ШЕРІМ