Биологиялық қауіпсіздік мәселесі талқыланады
Биологиялық қауіпсіздік мәселесі талқыланады
257
оқылды
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның бюро жиынында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі жобасы нақтыланды. Бюро отырысында депутаттар қарауына Қазақстан мен Түркі академиясы арасындағы Түркі академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылды. Құжатқа 2020 жылғы 16 қарашада Түркітілдес мемлекеттер кеңесіне қатысушы мемлекеттермен ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында қол қойылды және ұйымның Қазақстандағы қызметі кезеңінде мәртебесі мен артықшылықтарын айқындайды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын ілеспе түзетулермен талқылайды. Палатаның алдағы жалпы отырысында депутаттар өздері әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алады. Аталған құжат мемлекеттік отбасылық саясатты қалыптастыру бөлігіндегі түзетулермен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жалпы және жеке алдын алу шараларын көздейтін нормаларды қамтиды.