«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында партия жанындағы Miras азаматтық қоғамының және мәдениетті дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Жантөреева ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде кеңес мүшелерінің жаңа құрамын таныстыру, 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту қарастырылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қ.Тоқаевтың мақаласы, сұхбаты және Жолдауы талқыланып, Сайлауалды бағдарламадағы индикаторлардың орындалуы баяндалды. Бұған дейін аталған кеңестің төрағасы болып жұмыс істеген жазушы Мархабат Байғұт бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Енді Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы болып Қ.Жантөреева сайланды. Ол кеңес мүшелерін мәселелерді ашық талқылауға, айтылған ұсыныстарды тиісті деңгейде қарауға және қоғам мүддесі жолында қызмет етуге шақырды. Сондай-ақ Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы туризм, мәдениет, білім және БАҚ саласының белсенді өкілдерімен толықты. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылған тұжырымдамаға байланысты Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, кеңес мүшесі Бекжігіт Сердәлі хабарлама жасап, пікірін білдірді. – Мақаланың жарық көргеніне бір жылдай уақыт өткенімен, ондағы мәселелер әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр. Президент елдің пікірімен санаса отырып, проблемалардан хабардар екенін айтқан айтады. Мақалада көтерілген мәселелер мен қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан» идеясы пайда болды. Мақаланың «Бағдар мен белес» бөлімінде елдің индустриялық, инновациялық даму жолына көңіл бөлу айтылып, әлеуметтік жағдайды жақсарту жайы қозғалды, – деді кеңес мүшесі. Жиында Мемлекет басшысының сұхбаты мен халыққа арнаған Жолдауына, партияның кезектен тыс ХХІ съезіндегі шешімдерге байланысты сүбелі ойлар мен ұсыныстар айтылды. Күн тәртібіндегі соңғы мәселеге байланысты облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірханның баяндамасы тыңдалды. Партияның облыс бойынша Сайлауалды бағдарламасының мәдениет саласына қатысты бөлімінде 2021 жылы 75 индикатор орындалған. Іс-шаралар мемлекеттік тілдің танымалдығы мен қолданылу аясын кеңейту мақсатында өткізілген. Сондай-ақ мәдени нысандардың құрылысын аяқтау, тарихи орындарды қалпына келтіру шаралары да нәтижелі іске асты. Ал қасиетті және маңызды орындар бойынша өлкетану экспедициялары аясында былтыр 10 экспедициялық сапар жасалып, 85 нысанда ғылыми-зерттеулер мен археологиялық жұмыстар жүргізілген. 2022 жылы да аталған шаралар жалғасын таппақ. Қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Жантөреева кеңес жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстардың қабылданғанын айтып, кеңес отырысын қорытындылады.