«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық және аудандық филиалдарының фракция мүшелері ұйымның жастар қанаты белсенділерімен бірлесіп, «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық!» жобалары аясында өңірдегі 40-тан аса отбасына 400 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті.
Дәстүрге айналған игі шара аясында мәслихат депутаттары аға буын өкілдерімен қатар көпбалалы және мұқтаж отбасылардың үйінде болды. Әйтсе де, осы жолғы кездесулердің жөні бөлек. Себебі «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасы аясында халық қалаулылары отбасылардың түйткілді мәселелерімен танысып, оларды партияның Қоғамдық қабылдаулары арқылы шешуді көздеді. Сонымен қатар Президент Жолдауының негізгі бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, «AMANAT» партиясының Көкшетау қалалық филиалының атқарушы хатшысы Зәуреш Нұрымова қалалық мәслихат депутаты Станислав Максимецпен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды мерекемен құттықтап, материалдық көмек көрсетті. Сондай-ақ көпбалалы ана Самал Сұлтанованың үйінде болып, балаларға тәттілер және отбасына қажет азық-түлік салынған себетті сыйға тартты. Айта кетейік, бұған дейін балалардың анасы партияның Қоғамдық қабылдау бөлмесінде болып, мектепте оқитын ұлын тегін тамақтандыру бойынша көмек сұраған болатын. Кездесу аясында депутаттар бұл мәселенің оң шешілгенін айтып, көпбалалы ананы тағы бір қуантты.