Көршінің картасына күніміз қарап тұр ма?
Көршінің картасына күніміз қарап тұр ма?
135
оқылды
Соңғы күндері Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды, Қостанай мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы кейбір дүкендер тұтынушылардан қолма-қол немесе Сбербанк картасы арқылы төлем жасауды талап ете бастағаны жайлы ақпарат тарады. Елімізде ондаған отандық банк жұмыс істеп тұрғанда тек қана шетелдік банктің картасын пайдалануды талап еткен дүкен иелерінің бұл әрекеті көкейде түрлі сауал тудырғаны рас. Тұтынушы құқығын бұзу екені айтпаса да түсінікті. Бұлай алалаудың астарында сонда не жатыр? Үңіліп көрсек. Петропавл тұрғыны Махаббат Исим­баеваның айтуынша, қаладағы бірқатар сауда нүктесі қазақстандық карта арқылы сауда-саттық жасаудан бас тартыпты. Оның қатарында Fix Price, «Семейная Выгода» дүкендер желісі мен қалалық «Аксесс Энерго» электр энегиясымен жаб­дықтау ұйымы да бар. Дүкеннің әкімшілігі тұтынушының талабына жүрдім-бардым қараған, ал әкімшілігі «бұл банктің мә­селесі» деп қысқа қайырған. «Менің ойым­ша Қазақстанда бизнес жасағың кел­се, осы елдің нарығына сәйкес болу керек. Ресейде кәсібін ашқан кез келген қазақстандық сол елдің карталарынан төлем жасауы міндеттеледі. Ал біздің елде өз картамызды пайдалануға мүмкіндік болмай отыр», – дейді қала тұрғыны. Сол­түстік Қазақстан облысында тұратын Өмір Есқали Қызылжар қаласы Юбилейный ықшамауданында орналасқан «Мерей» сауда үйіндегі Зенченко сүт өнімдерін сататын сауда нүктесі де тек Сбербанкпен есеп айырысып жатқанын жазады.

Төлем талабы көрсетілген тақтайша іліп жатыр

Дәл осындай оқиға өз басынан өткенін айтып елорда тұрғыны Ирина Севостья­но­ва да әлеуметтік желіде жазба қалдырған. Оның сөзіне қарағанда қа­ладағы Fix Price дүкені бірнеше күннен бері тұтынушы­лар­дың құқығын таптап келеді. Қызметкерлер сауда жасау­шы­лардан тек қолма-қол және Сбербанк картасын қолданып қана есеп айырысуға болатынын айтқан. «Көрші елге салынып жатқан санкцияның сал­қыны ресейлік кәсіпкерлерді айналып өтпейтіні тү­сінікті. Бірақ дүкен Қазақ­станда жұмыс істеп жатқан жоқ па? Банк туралы айтып тұрған жоқпын, дүкеннің қызмет көрсету сапасын түсіне алар емеспін. Сбербанк санкциялар салынатын құрылымдар тізімде болғандықтан, шарт жасасуға және толығымен қазақстандық банк­тердің POS-терминалдарын орнатуға уақыт жеткілікті болды. Бірақ Fix price бұлай жасамауға бел буыпты. Айтпақшы, бұл – ресейлік дүкендер желісі. Олар Қазақстанда қандай шарттарда жұмыс істейді? Жағдайды түзетудің орнына дүкен иелері қазір есікке «Сбербанк ар­қылы ғана төлем жасаймыз» деген тақ­тайша іліп қойыпты. Егер осы елдің за­ңына бағын­ғысы келмесе, онда бұл мем­лекетте дүкен­нің жұмыс істеуіне жол берген қаншалықты дұрыс?», – дейді Ирина Севостьянова. Осыған ұқсас жағдайлар Қарағанды мен Қостанай қаласында да кездесіп жа­тыр. Тұтынушылардың сөзінше, кейбір дүкендер тұрғындардың наразылығынан соң есікке ілінген тақтайшаларды алып тастағанмен, кассаға келгенде келең­сіз­дікке тап болған. Теміртаулық Наталья Владимировна да кеше дүкеннен сауда жасай алмапты. Қазақстандық картамен не үшін төлем жасауға болмайтынын түсіндіруден бас тартыпты. Тағы бір темір­таулық тұрғын Салтанат бір-екі күннің ішінде ғана Fix price дүкендер желісінен басқа бірнеше супермаркеттерде Сбербанк картасымен ғана есеп айырысып жатқанын жазған. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Наталья Владимировна да «Алма-Ата» биз­нес орталығындағы дүкеннен сауда жасай алмай шыққан. Себебі бұл жерде де қолма-қол төлем жасау керек не Сбербанк картасы қажет көрінеді. Қостанайда да «Светофор» дүкендері Сбербанк картасы арқылы ғана есеп айырысатындары жайлы тақтайша ілген.

Заңымыз не дейді?

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 194-бабына сәйкес, төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдердi қабылдаудан бас тартқандарға ескерту жасалады. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы әрекет қайталанса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – алпыс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал «Төлемдер және төлем жүйелері тура­лы» заңға сәйкес Қазақстан аумағында жұ­мыс істейтін барлық заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер POS-терминал­дарды орнатып, олар арқылы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға міндеттелген. Егер бұл талапты орындаудан бас тартса 245 мың теңгеге дейін әкімшілік айыппұл қарастырылады. Экономист Марат Әбдірахманов ре­сейлік кәсіпкерлік иелері және жергілікті дүкендердегі қазіргі жағдайға бәсеке­лестікті қорғау және дамыту агенттігі назар аударуы керек екенін айтып, масс-медиаға пікір білдірген. Экономистің айтуынша, дүкендерге жабылғанға дейін айыппұл салынуы мүмкін. «Тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғау туралы заң бар, оған сәй­кес барлық банктердің карталары бар­лық сату орындарында қабылдануы керек. Әрбір тұтынушы дүкен иелері кез келген банктің картасын қабылдаудан бас тартса, тиісті органдарға өтініш жазуға құқылы. Осы негізде тергеу жүргізілуде. Дүкенге кем дегенде 612 мың теңге (200 АЕК) кө­лемінде айыппұл салынады», – дейді эко­номист. Қазір Fix Price және New Yorker же­лілеріне қазақстандық карталармен төлем қабылдаудан бас тартқаны үшін айыппұл салынуы мүмкін. Өйткені қолданыстағы заңға сәйкес, Сбербанкпен ғана жұмыс істейтін ресейлік компаниялар мен қазақстандық кәсіпкерлер сатып алушыларға POS-терминалдары арқылы басқа карталармен төлем жасаудан бас тартуы заңсыз. Егер тиісті органдарға шағымдар түссе, оларға үлкен айыппұл салынады. Сондықтан тұтынушылардан қазақстандық картаны қолданудан бас тартқан саудагерлердің үстінен арыз түсіруіне болады. «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрайымы Артық Сейітқалиева қазақстандық карталармен төлем жасай алмауға қатысты тексеріс жүргізіп, түсініктеме беру керек екенін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау лигасының төрағасы Светлана Романовская «Тұты­нушылардан қолма-қол есеп айырысу мен Сбербанк картасын ғана қолдану талап етіліп, келеңсіз жағдай туындаса, Тұты­нушылардың құқығын қорғау департа­мент­теріне жүгіну керек» деп отыр. Оның айтуынша, елдің заңы осы елде жұмыс іс­тейтін барлық кәсіпкерлерге ортақ. Бұл барлық дүкендерге, шаштараздарға, ме­дициналық орталықтарға және басқаларға қатысты. Кез келген шетелдік кәсіпкер осы елдің заңнамасы негізінде ел аума­ғында әрекет етуге міндетті. Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің баспасөз қызметінің мәліме­тінше, тұтынушылардан түскен арыз-шағымдар бойынша республика көлемінде тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексеріс нә­тижесі бір аптаның ішінде белгілі болады. Дүкен иелерінің тарапынан заңсыздық анықталса, қолданыстағы заңға сәйкес шара қабылданатын болады.