Жүргізушілер жұмыссыз қалды
Жүргізушілер жұмыссыз қалды
189
оқылды
Бүгінде кез келген мекемеде еңбек дауының өршіп кетуі қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай. Шамасы, жұмысшылар өз құқығын қорғауды меңгеріп келе ме, әйтеуір басшылықпен келіспейтіндер жиі бой көрсетеді. Дегенмен жеке компанияларда жұмысшыларды қудалау, заңсыз жұмыстан шығару әлі де кездесіп қалады. Айталық, наурыздың басында Алматыда қалаішілік 79-шы бағыттағы автобустың 11 жүргізушісі бір күнде аяқастынан жұмыссыз қалды. Оған жұмысшылардың жалақы мөлшерінің неге төмендегенін білмек болғаны себеп екен.

Жалақы аз есептелген

Даудың басы жалақының аздығынан басталған. Соның себебін білмек болып, біраз жұмысшы парк басшылығына барған. «Наурыз айының 5-і күні барлық жүргізушіге ақпан айының жалақысы түсті. Қарасақ, біраз жігіттердікі өткен айларға қарағанда аз. Бізде еңбекақы жүрген сағатымызбен есептеледі. Еңбек келісімшарты бойынша рульде отырған әрбір сағатымызға 1 150 теңгеден төленуі тиіс. Мен өзім өткен айда 18 күн жұмысқа шықтым. Рейсте болған сағаттарымды мұқият санадым. Өз есебім бойынша осы күндерге шамамен 310 мың теңгедей жалақы төленуі тиіс. Бірақ маған бар болғаны 250 мың теңге түсті. Өзге бірнеше әріптесімде де осындай жағдай. Содан барлығымыз бірігіп, себебін білмек болып, компания ғимаратына бардық. Ол жерде біздерді ары-бері жұмсап, нақты тез жауап бере қоймады. Біз үш сағаттай компания алдында тұрып қалдық. Артынан мардымды жауап ала алмаған соң біраз жігіттер қайта жұмысқа кетті. Ертеңіне жұмысқа келсек, кешегі қайтып кеткен 11 жүргізушіге, «жұмыстан босатылдыңдар. Келмей-ақ қойыңдар», – деді. Бұл 6-наурыз күні болған әңгіме. Ал еңбек кітапшамызда «11-наурыздан бастап жұмыстан босатылды» деп көрсетілген. Тіпті, себебін де ешкім түсіндірген жоқ. Міне, содан бері жұмыссызбыз», – дейді жүргізушілердің бірі Айдын Мамырбаев.

Жүргізушілер еңбек шартын бұзды

Ал жұмыс беруші «АлматыЭлектроТранс» ЖШС компаниясы жүргізушілерді заңға сүйеніп, жұмыстан шығардық деп отыр. «Иә, паркке қарасты 79-бағыттағы автобустың он бір жүргізушісі жұмыста үш сағаттан артық болмағаны үшін Еңбек кодексінің 52-бабы, 1-тармағымен жұмыстан шығарылғаны рас. Бірақ олардың ақпан айындағы еңбекақылары өткен айларға қарағанда аз түсті деп шағымдануы шындыққа жанаспайды. Бізде жүргізушілерге жалақы тариф бойынша төленеді. Әрбір жүргізушінің бір айда неше күн, неше сағат жұмысқа шыққанына байланысты есептелінеді. Ақпан айындағы жұмыс істеген барлық жүргізушіге осы тариф негізінде жалақылары түгелдей аударылды», – деп жауап берді компанияның баспасөз хатшысы Жанна Нұрсейітова.

Заңгер компанияның әрекеті заңсыз дейді

Ал белгілі заңгер, адвокат Тілеужан Кішкенебаев компанияның бұл уәжімен келіспейтінін айтады. Оның пікірінше, құқығын талап еткені үшін жүргізушілер кінәлі емес. «Менің адвокат ретінде пікірім, бұл жерде жұмыс беруші тарап заң бұзып отыр. Біріншіден, жүргізушілер жалақысының жағдайын сұрап барғанда тез арада жауап берулері керек еді. Өйткені бұл олардың жұмыс беруші алдындағы келісімшартта көрсетілген міндеті. Әрбір жұмыскердің өзінің жұмыс берушісінен жалақысы туралы ақпарат білуге құқығы бар. Ал «үш сағат жұмыс орнында болмады» дегенге келер болсақ, бұл да сәл қисынсыздау тағылған айып деп ойлаймын. Бұл жерде мына нәрсені ескеру керек. Егер бүгінде жұмыстан шығарылған азаматтар 3 сағат бойы тойға, немесе басқа бір жеке шаруасы үшін ескертпестен жұмыстан кетіп қалса, онда сөзсіз қолданыстағы Еңбек кодексінің 52-бабымен жұмыстан босатуға болар еді. Бұл жерде жүргізушілер үш сағат қайда болды? Міне, мәселе осында. Олар сол компанияға барды. Өздерінің заңды құқығы мен еңбекақысын талап ету үшін. Қалай болғанда да, бұл жерде жұмыс беруші тарап асығыс шешім шығарған деп есептеймін», – дейді адвокат Т. Кішкенебаев.

Басшылық жиі ауысады, еңбек сағатымыз ұрланады

Бізге мұңын шаққан азаматтар компанияда басшылық жиі ауысатынын айтты. Олардың айтуынша, осыдан 4-5 жыл бұрын барлығы жақсы болған. Соңғы уақытта компания басшылығындағы ауыс-түйіс көбейген. Содан бері жалақыларына қатысты түрлі сауал да көбейген. Кейбіреулері рейске шыққан еңбек сағаттарының «ұрланатынын» айтты. Сөздерінше, арларындағы кейбірінің 60-70 сағаты есептелмей қалған жағдайлар да болған. Біздегі мәлімет бойынша, компанияның қазіргі басшысы Берікхан Мурзакаримов 2021 жылдың ақпан айынан бері бас директор. Бұған дейінгі басшысы Ғани Тәжиев 2019 жылдың шілдесінде ғана тағайындалып, бар болғаны алты айдан кейін, яғни 2020 жылдың қаңтарында орнын Ризван Цинаевқа босатып берген. Айта кетейік, осы Цинаев «АлматыЭлектроТрансты» 2016 жылдың мамырынан 2019 жылдың шілде айына дейін де бір рет басқарып кеткен. Екінші қайта тағайындалған соң араға бір жыл бір ай уақыт салып қайтадан ЖШС бас директорлығынан кетіп қалған. Осы жерде жүргізушілердің басшылық жиі ауысады деген сөзінің жаны бар екенін аңғаруға болады. Бұл жерде айтпағымыз, осындай тоқтаусыз жиі ауыс-түйіс болған жерде жұмыстан да береке кететіні.

Енді не істемек керек?

Осы орайда біз жоғарыда пікірін келтірген адвокат Т.Кішкенебаев жұмыссыз қалған азаматтар еңбек дауын шешетін арнайы орындарға шағымдануына кеңес берді. «Азаматтардың мәселесіне үңіліп қарасақ, бұл жерде еңбек дауы туындап тұр. Сондықтан барлығы бірігіп Еңбек инспекциясына шағым түсірулері қажет. Қолданыстағы заң бойынша, мұндай мәселелерді сол Еңбек инспекциясы тексеріп, ақ-қарасын анықтайды. Сол құзырлы мекеме жұмыссыз қалған азаматтарды ақтап шықса, жұмыс беруші компания қайта жұмысқа алуға міндетті болады. Сонымен қатар осы күнге дейін жұмыссыз жүрген күндеріне төлемақы төлеуге міндеттеледі. Менің заңгер ретінде пікірім жоғарыда айтқанымдай, бұл азаматтардың жұмыс беруші тарапынан біршама құқығы бұзылып тұр. Сондықтан уақытты кетірмей, Еңбек инспекциясына жүгінуге кеңес берер едім», – дейді Тілеужан Кішкенебаев. Ал жұмыссыз қалған жүргізушілер заңгердің кеңесінен кейін наурыз айының 16-сы күні Алматы қаласы, Түксіб аудандық Еңбек инспекциясына арыз-шағым түсірген. Аталған мекеме арыз-шағымды қабылдап алған. Бірақ, міне арада он күндей уақыт өтсе де, қандай да бір нақты шешім шығара қоймаған. Жұмыссыздықтың қамытын киген жүргізушілер күн сайын отбасылық жағдайлары қиындап бара жатқанын айтып қынжылады. Қалай болғанда да, құқықтық мемлекетте тұратындықтан, бұл мәселеге Еңбек инспекциясы істің ақ-қарасын заң жүзінде айырып, оң шешімін айтады деп ойлаймыз. Сонымен қатар бұл мәселеге Алматы қалалық әкімдігінің Жолаушылар тасымалы мен қалалық қоғамдық көліктерге тікелей жауапты басқарманың атқамінерлері де араласуы керек деп санаймыз. Өйткені «АлматыЭлектроТранс» ЖШС жеке компания болғанымен, оның тапсырыс алатын бірден-бір көзі осы мегаполистің әкімдігі.

Алматы