Нөсердің зардабы орасан
Нөсердің зардабы орасан
236
оқылды
Осыдан екі жыл бұрын Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, оған жақын орналасқан Қазақстанның Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылды су шайып кеткен болатын. Апат салдарынан 4 мыңға жуық халық зардап шегіп, 500-ден астам баспана толығымен бұзылып, қайта салынды. Енді, міне Оңтүстікте көктемнің алғашқы күнінен бастап тоқтаусыз жауып жатқан нөсер жауын осынау жаңа үйлердің су басып қалу қаупін күшейтіп отыр. Түркістан облысы шенеуніктерінің мәліме­тінше, өңірде жыл сайынғы орташа жылдық нормадан 160 пайыздан асатын маусымдық жаңбыр жауған. Салдарынан Мақтаарал және Жетісай аудандарының Ж. Нұрлыбаев, Достық, Жамбыл және Жаңажол ауылын су басып қалды. Тіпті, үйлері опырылып құлағандар да бар. Арнайы құрылған штаб зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен әкімдік қызметкерлері жаппай жұмылған. Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде барлық коллекторда су деңгейі айтарлықтай түскен. «Мақтаарал ауданында жауған толассыз жаңбырдың суын және жерасты суларын қашыру үшін коллектордың маңызы өте зор. Ауа райына байланысты ахуал күрделене бастағаннан аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі штабтың басшысы, аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен аудан аумағындағы ең ірі 7 коллекторға су деңгейін өлшейтін құралдар қойылған болатын. Қазір барлық коллекторда су деңгейінің айтарлықтай түскені анықталып отыр», – деп атап өтті баспасөз қызметі. Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 12-18 наурыз аралығында қатты жауын-шашын салдарынан 2 кент, 9 ауылдық округ аумағында жерасты суы деңгейі көтерілуіне байланысты аудандық өрт сөндіру бекеттерінің байланыс бөліміне және әкімдіктің жедел желісіне тұрғындардан хабарламалар түскен. 2 кент, 46 елді мекендегі 235 көшедегі 3 000-ға жуық тұрғын үйдің ауласын су басқан. Аулаларды су басу салдарынан Ж.Нұрлыбаев ауылындағы 1 үйдің құлағаны және 10 үйдің қауіпті жағдайда екені анықталған. Тұрғындар аулаларында жүріп-тұру үшін резеңке етік киіп жүруге мәжбүр. Жетісай қаласы мен он ауылдық округте жаңбыр суы арық болып ағып, жан-жаққа тасып жатыр. Тіпті, қора жайлар құлап қалған. Әсіресе, Достық ауылында жерасты сулары көтеріліп, аулаларға жайылған. Ауыл тұрғыны Алпысбай Оңдыбаев үш күннен бері қора түгілі аулаға да шыға алмай қалғанын айтады. Мұнда сиырлар да белуардан су кешіп жүр. Достық ауылындағы кейбір үйлерде тіпті жертөлелер суға толып, қабырғалары көгеріп кетіпті. Амалын тапқандар туысы мен танысынан су соратын құрылғылар әкеліп, айналаны тазартып жатыр. Тұрғын­дарды ауылда су сорып алатын дренаждың жоқтығы қинап отыр. Су ағып кететін орын ойластырылмаған. Қазыбек би ауылында да осы жағдай. Ауыл іргесінде егінге жиналған су тасыған. Салдарынан ауылдағы 30-ға жуық үй су астында қалған. Төтенше жағдай бөлімінің мамандары жергілікті коммуналдық және су шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы техникалармен көшелер мен аулаларды судан тазартып жатыр.Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Жетісай ауданындағы 36 тұрғын үй мен Мақтаарал ауданында 12 үйді су алғанын айтады. Ал жергілікті билік ауданда жерасты суларын соратын дренаждардың істен шыққанын тілге тиек етті. Жетісай ауданы әкімдігіндегілер аудандағы 392 тік дренаждың бүгінде 82-сі жұмыс істеп тұрғанын, қалғаны жөндеуді қажет ететінін атап өтті. Осылай табиғаттың тосын мінезі жергілікті билікті де, тұрғындарды да бірнеше күннен бері әуре-сарсаңға салды. Екі ауданда да еріктілер суды құрғату жұмыстарына белсене кіріскен. Сонымен қатар екі ауданның депутаттары 10 миллион теңгеге жуық қаржы жинап, ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсеткен. Сонымен бірге олар техникалар мен су соратын құрылғыларды, мотопомпалар сатып әперген және жалдау құнын төлейді. Жанар-жағармай алуға да тұрақты қолдау көрсетіп жатқандар бар. Өкінішке қарай, ауа райының болжамына көз салсақ, оңтүстікте әлі де нөсер жауын жауатын сыңайлы.

Шымкент қаласы