Арыстағы жарылыста нысандары қираған кәсіпкерлер әлі өтемақы алмаған
Арыстағы жарылыста нысандары қираған кәсіпкерлер әлі өтемақы алмаған
Сурет: abai.kz

Арыс қаласының кәсіпкерлері 2019 жылы болған жарылыс кезінде қираған нысандар үшін әлі өтемақы алмағандарына шағымданды. Жергілікті әкімдіктен күдер үзген олар елордаға, Үкіметке келіп көмек сұрады, - деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Шағымданушылардың бірі, арыстық кәсіпкер Мұхамеджан Сапархановтың сөзінше, ол бүлінген бизнес нысандары үшін өтемақы алмаған. 2019 жылы комиссия шығынды 60 миллион теңгеге бағалағанымен, кәсіпкердің қолына әліге дейін бір тиын да тимеген. Тағы бір кәсіпкер Байдулла Сүйінбаев 2020 жылы 9 қаңтарда премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдің қабылдауында болып, шенеунік мәселені 1 апта ішінде шешуге уәде бергенін айтады. Алайда содан бері 2 жыл 2 ай 13 күн өткен. Екі апта бойы Үкімет мүшелерімен жолығуға мүмкіндік таппаған кәсіпкерлер Мәжіліс төрағасына жолығуға да барды. Алайда төрағаның тапсырмасымен олармен сөйлесуге депутат Жамбыл Ахметбеков шықты.
"Арыс қазір қалпына келтірілді, іс-шаралардың барлығы аяқталды дегеннің өзінде, арнайы комиссия құрылып, ол нәтижесін тексеруі керек. Жұмыстар дұрыс жасалды ма? Қорытынды шын ба, өтірік пе? Ақ-қарасын анықтау қажет", – деді мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.
Арыстық кәсіпкерлер талабы бір. Олар қираған бизнес нысандарын қайта қалыпқа келтіріп беруді сұрайды.