Малды жемдейтін маман керек пе?
Малды жемдейтін маман керек пе?
296
оқылды
Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 45%-ы­ мал шаруашылығына тиесілі. Елімізде аталған салаға даяр­лан­ған мамандар сұранысқа ие болмай жа­тыр. Соның бірі – мал шаруашы­лы­ғы өнімдерін өндіру тех­ноло­гиясы ма­ман­­дары. Олар­дың міндеті – малды азық­тан­дыру, ерекше­лі­гіне қарай ра­цион құру. Бұл ма­мандар­дың жетіспеуі ауыл-аймақта­ғы жайы­лым­дардың тозуына да әкеп соғуда.  

Жұмыс табылмаса, маман қайда барады?

Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті­нің 4-курс студенті Майра Тірна­зар 1-курстан бері үздік оқып, ма­ман­дығының қыр-сырын жақ­сы мең­­герген, президенттік шә­кір­тақы иегері. Алайда болашақ ма­ман мал­ды дұрыс азықтан­ды­рып, тұ­қы­­мын асылдандыруға, көбей­туге құл­шынып отырған жоқ. – Мамандығым бойынша жұ­мыс табу қиын. Ғылыми-зерттеу институтында зертханашы, хат­шылық қызметтерді атқарған ма­­мандарды білемін. Алайда олар­дың айлығы аз, содан басқа са­лаға ауысып жатыр. Оқуымды бітірген соң магистратураға тап­сырып, осы оқу орнында мұғалім болып қал­ғым келеді. Бірге білім алып жат­қан қатарластарыма келсем, көбі­нің мақсаты – осы. Қазір қалалық әкімдіктерде ауыл шаруашылығы бойынша жеке мекемелер ашылып жатыр. Ол жерге құжаттармен жұ­мыс істей­тін мамандарды жұ­мыс­қа алады. Онда да орын шек­теу­лі, – дейді ол. Еліміз шамамен алғанда, ішкі азық-түлік нарығының 60 па­йы­зын отандық өніммен қамта­ма­сыз етіп, қалған 40 пайызын импорт есе­бінен толтырып отыр. Сарап­шы­­лар ұсақ шаруа қожа­лықтар өндіретін тауарлардың бәсекеге қабілетті болуы екіта­лай екенін айтады. Ал азық-тү­лік қа­уіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлем­дік нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндірісін арттыру – күн тәртібінен түспей тұрған мә­селе. Әрине, сапа­лы өнім алу үшін малға құнар­лы азық керек. – Елімізге шетелден құрама жем­ алып келеді. Оның құра­мында биологиялық белсенді қос­палар көп. Әрине, оның зия­ны бар. Шетелден әкелінген мал ба­сын сақтап қалу үшін де осылай жа­салып жатыр. Одан гөрі мал азы­­ғын өндіретін өндіріс орын­да­рын көбейтуіміз керек. Бұл отан­дық өнімнің әлеуетін арт­ты­руға, сон­дай-ақ осы сала маман­дарын көптеп жұмысқа тартуға оң ықпал етеді. Сонымен бірге мал азығы­ның нарықтағы құнын тө­мен­де­туге, қалыпты ұстап тұруға сеп бо­лар еді, – дейді Қазақ ұлт­тық аграр­­лық университеті, Мал ша­руа­­шылығы өнімдерін өндіру тех­но­логиясы кафедрасының аға оқы­тушысы Жанат Жұма­бек­қызы.  

Қымбатшылық қысқанда...

Жем-шөбі сай болса, малдың қыс­тан күйлі шығары анық. Өкі­ніштісі сол, қыста малдың жем-шөбінің қымбаттауы қалыпты жағдайға айналған. Мұны дизель отынының, шөп шабуға қажетті техниканың қымбаттауымен бай­ланыстырып жатады. Өз кезегінде бұдан еттің де бағасы шарық­тайды. Мал шаруашылығының басым бөлігін ұсақ шаруашы­лықтар құ­рай­тынын айттық. Мал­ға қарап отыр­ған ауылдағы ағайынға жыл сайын құны көкке шарықтаған шөп­пен бірлі-жарым малын асы­рау оңайға соқпай тұр. Түркістан облысы Аққала ауы­лы­ның тұрғыны Қайрат Аға­бекұлы ес білгелі ата кәсіпті серік етіп ке­ле­­ді. Күнкөрісін малдан айы­рып отыр­­ған ол жұрт қатарлы малдың шө­­бін жазда жинап ала­тынын айта­ды. – 4 үй малымызды қосып, ке­зек­пен бағамыз. Әрқайсысында 50-60 қойдан бар. Күндіз өріске ба­рады. Малдың шөбін жазда жи­нап, жемін қыстыгүні базардан сатып аламыз. Қыста баға 1,5 есе­ге дейін көтеріліп кетеді. Қазір бар­­лық жемді 100 теңгеден алып жа­тыр­мыз. Ал бір бума шөп – 500 тең­ге, – дейді Қайрат Ағабекұлы. Ал мамандар қымбатшылыққа жайылымдарды тиімді пайдалана алмауымыз кері әсер етіп жатыр дейді. Осы орайда, жайылымдық жер­лерді қалай тиімді игеруге бо­ла­ды деген сауал туындайды. – Бүкіл жайылым алқаптарын есепке алып, инвентеризациялап, қоректілігі мен сапасына сәйкес құжаттандырып, пайдалану жүйе­сін ғылыми тұрғыдан негіздеп, рет­­теу қажет. Осылай мал шаруа­шы­­лығы жем-шөп қорын эколо­гия­лық таза, биологиялық құнды азық­тармен толықтыра аламыз. Жа­­йылым оты мен шалғын көгін ұтым­ды пайдалану арқылы мал ша­руашылығы өнімдерін өнді­ру­дегі жалпы азықтар шығынын 2 есе төмендетіп, өнімдердің өзін­дік құнын арзандатуға әбден бо­лады. Азық өндіру, өңдеу мен да­йын­дауды кооперациялап, дә­ру­менді-протеинді шөп ұны мен мо­но жә­не құрама жемдер өнді­рісін ұйым­дас­тыру керек, – дейді ауыл шаруа­шы­лығы ғылым­да­рының док­­торы Нұрберген Омарқожаұлы.  

Жайылымның жайы

Жеріміздің басым бөлігін жа­йы­лымдар мен шабындықтар құ­рай­ды. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің мәліметінше, елі­міз­де 180 млн гектарға жуық жа­йы­лым бар, оның 58 млн гектары қол­да­ныс­та. Жайылымның жа­йын біл­ген ата-бабамыз мал жаю­дың ере­­жесін де қаперде ұстап, меке­нін ауыс­­тырып отырған. Ал қазір мал­дың көбі тек ауыл ма­ңында жайы­ла­ды. Осының сал­дарынан жер азып-тозып, тақыр жерге ай­на­лып, деградацияға ұшы­­­рап жа­тыр. Сәй­кесінше, та­биғи өнімділігі де төмендеп барады. – Жайылымдарды тиімді пай­далану үшін оны қоректілігі бо­йын­ша бөліп, шекаралары белгі­ленген жерлерде жайылатын мал басын, оны жаю реті мен тәр­тібін, алмастыру мерзімі мен қосымша азықтандыруын ұйым­дастыру қа­жет. Осы жүйемен 120-150 күн жа­­йып семіртілген ірі қара малдың бас­тапқы тірілей салмағы – 50-60%, ал төлінікі – 80-90% артып, жоға­ры сойыс шығымымен эко­ло­гия­лық таза, нарықтық сұра­ны­сы жоғары са­палы ет береді. Одан тауар­лық және тағамдық құн­ды­лығы жо­ғары бағаланатын мәрмәр ет өн­діруге болады, – дейді Нұр­берген Омарқожаұлы.  

ТҮЙІН:

Мал шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық жерлерді тиімді игеріп, малды дұрыс, толыққанды азықтандыру қажет. Мамандар ол үшін ғылыми-өндірістік тұрғыдан жүйелі ұйымдастыру қажет деп санайды. Бұл іс жүйесін тапса, мал­ды азықтандыратын мамандар да жұмыс­сыз қалмас еді.

   width=Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ