Көкшетауда букмекерлік кеңсеге қарақшылық шабуыл жасаған сәт видеоға түсіп қалды
Көкшетауда букмекерлік кеңсеге қарақшылық шабуыл жасаған сәт видеоға түсіп қалды
152
оқылды
Көкшетауда букмекерлік кеңсеге қарақшылық шабуыл жасап, кассадан 1,1 миллион теңге ақшаны үптеп кеткен күдікті ұсталды. Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қарақшылық шабуыл биылғы жылғы наурыздың 22-де болған. Бұл туралы Көкшетау қалалық Полиция басқармасына 22 жастағы әйел хабарлаған. Кассирдің сөзінше, түнгі сағат 04:50 шамасында кеңсенің ішіне пышақпен қаруланған жас жігіт баса-көктеп кірген. Қаскөй бетін медициналық маска және шарфпен тұмшалап жауып алған. Кассир мен күзетшіні пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Кейін касса және сейфтегі бар ақшаны алып, ізін суытқан.
«Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы барды. Болған оқиға туралы ақпарат барлық нарядтарға ескертілді. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тәртіп сақшылары күдіктінің қай бағытта жасырынғанын анықтады. Күдікті №6 стационарлық бекеттің жанында полиция қызметкерін көріп, пышақ, шарф, қолғабын лақтырып, тұрғын үйдің кіреберісіне тығылуға тырысты. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аға лейтенанттар А.Балтин, Е.Тұрсынбаев, Б.Көшкенбай Пушкин көшесіндегі үйлердің бірінің кіреберісінде Зеренді ауылының 19 жастағы тұрғынын ұстады. Ол жоғары қабатқа көтеріліп, шатырда полиция қызметкерлерінен жасырынбақшы болды», - деді ведомстводан.