Елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттады
Елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттады
373
оқылды
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тауарлар 9,9 пайызға қымбаттады, - деп хабарлайды Рrimeminister.kz сайты. Ведомство мәліметінше, премьер-министр әлеуметтік маңызы бар тауарлар қорларын бөлу жөніндегі үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырған. 2022 жылғы 26 наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын орындау бойынша кезекті кеңес өтті. Өткен аптада (2022 жылғы 19-25 наурыз) Қазақстан Республикасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының 1,7 пайызға өсуі тіркелді. Жыл басынан бері ӘМАТ бағасы 9,9 пайызға өскен. Бір апта ішінде ең көп қымбаттаған өнімдер: қырыққабат - 11 пайыз, пияз - 9,3 пайыз, қант - 6,3 пайыз, картоп - 4,7 пайыз, сәбіз - 3,3 пайыз, тауық жұмыртқасы - 1,7 пайыз. Мониторингтік топтардың есептеріне сәйкес, Қазақстан Республикасында кәсіпкерлердің ӘМАТ-қа рұқсат етілген 15 пайыз бөлшек сауда үстемесін сақтауына тексеріс жүргізілді. Тексеру нәтижесінде бір апта ішінде елімізде 749 сауда тәртібін бұзушылық - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны рұқсат етілген бөлшек сауда үстемесінен асыру жағдайлары анықталды. ӘМАТ-қа сауда үстемелерін асыру қант бойынша 40 пайыpға дейін, күнбағыс майы бойынша 35 пайыз-ға дейін және көкөністер бойынша 25 пайызға дейін анықталды. Премьер-Министрдің Түркістан облысынан ерте пісетін көкөністерді жеткізуге алдын ала шарттар жасау туралы тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстанның 9 өңірі келісімшарт жасап, ерте пісетін қырыққабатты жеткізуге қаражат бөлді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасында 2022 жылғы 24 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 1,1 млн тоннаны құрайтын ӘМАТ жеткілікті қоры қалыптастырылды.